Күзетші-ұстаз

27
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ

Әлеуметтік желіде ерекше видео тарады. Бейнероликте мектепте күзетші болып жұмыс істейтін ер адам оқушыға үй тапсырмасын орындауға көмектеседі. Бұл көрініс желі қолданушыларының арасында тез тарап кетті. 

Мектеп оқушысына үй тапсырмасын орындауға көмектескен күзетші аға елді тәнті етті. Дәл осы көрініс әлеуметтік желіде мыңдаған қаралым жинап, халықты сүйсіндірді. Бейнероликтегі «күзетші ұстаздың» есімі Жәнібек Қалдыбеков.

Жәнібек Қалдыбеков, мектеп күзетшісі: «Түстен кейін, балдардың үйіне қайтатын уақыты еді. Отыр еді бір бала. Қарасам, есеп шығарып отыр екен. Өзім қызығамын да есепке. Біздің бұрыңғы есепке ұқсайды екен. Сосын екеуміз орындадық. Мына жерде бір жігіт отыр еді. Түсіріп алыпты мені. Мен оны білмеймін. 3-4 күннен кейін Тик токты ашып қалсам, мен тұрмын ғой»

40 жылын көлік жүргізушілікке арнаған Жәнібек Қалдыбеков балаларға ғана емес, айналасындағы әр адамға мейірімін аямайтын жан. 63 жастағы ақкөңіл азамат жұма күндері тегін қызмет көрсетіп, жақсылық жасауды өмірінің бір бөлшегіне айналдырған.

Жәнібек Қалдыбеков, мектеп күзетшісі: «Жұмыстан кейін анда-санда таксилетемін. Жұма күндері тегін тасимын. Алланың разылығы үшін. Адамдар «қойыңыз» деп қалады. Жоқ, шын айтамын деймін. Сөйтіп ризашылығын айтып, батасын береді. Шын ниетпен тілеген бата қабыл болады ғой. Сол батаның арқасында жүрген адаммын»

Қазіргі таңда Жәнібек Қалдыбеков Шымкенттегі «Seitzhan school» мектебінде күзетші болып жұмыс істейді. Мектеп қызметкерлері оны ақыл-парасаты мол, адамгершілігі жоғары тұлға ретінде сипаттайды.

Нұрболат Базарбаев, мектеп директорының орынбасары: «Қызметкер ретінде өте жақсы. Ағайымыз жүзінде нұры бар кісі. Әрбір келген оқушы, ата-аналарымызды жылы жүзбен қарсы алады. Бұл жерде бір нарсені еске сала кеткен жөн, жалпы мектебімізде басты назарда құндылық болғандықтан, оқушылардан бастап, мектеп әкімшілігі, еден жуушы, асханашылар болсын барлығы педагог болып есептеледі. Бұл жердегі әрбір жан сол құндылыққа өзінше атсалысады»

Осылайша,Шымкент тұрғыны балалардың қауіпсіздігі мен білім жолындағы еңбегі арқылы көпшіліктің алғысы мен құрметіне ие болды