«Лайк» басу – күнә

28

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаңа пәтуа шығарды. Енді instagram мен TikTok-та лайк басуға болмайды. Мұндай үкімді шығаруға не себеп?

«Енді әлеуметтік желіде лайк басу – күнә. Мүфтият осындай пәтуа шығарды. Жаңа үкім бойынша жазбаларға немесе пікірлерге лүпіл қалдыруға болмайды»

Яғни, біреуді қорлап жазба қалдырғандарға лайк басу – енді, күнә болып саналады. Ал, лүпіл қалдыру — әлдекімді балағаттаушылардың ісіне ортақтасу деп есептеледі екен. Бұл үкім кибербуллингтің алдын алу мақсатында шығарылды дейді имамдар.

Берік Шотабеков, Абдуссаттар Сманов мешітінің имамы: «Қазіргі таңда елімізде бір адам видео салатын болса , оның астында неше түрлі дұрыс емес пікірлер жазылады. Оның арасында қорқыту, үркіту бар. Тіпті бір адамды қорлап жатқан немесе ұрып-соғып жатқан дүниелерді де салып, адамды ұятты жағдайға қалдырып қойып жатқан жағдайлар өте көп. Соның алдын алу үшін діни басқарма арнайы пәтуа қабылдады»

Буллингке дінде ғана емес, заңда да рұқсат етілмейді. Ата заңымыздың 17 бабында «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтындығы» нақты көрсетілген.

Алтын Білтебай, Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы: «Адамның ар-намысын, абыройын, қадір-қасиетін, кемсітіп, қорлаған жағдайда, ол сараптама қорытындысымен арнайы білімі бар сарапшылардың, филологиялық сараптаманың қорытындысымен бекітіліп тұрған жағдайда сотталушыларға айыппұл түріндегі, түзеу жұмыстарына тарту түріндегі, және қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазалар тағайындалады. Бұл қылмыстық кодекстің 131-бабы 1-2 бөліктерінде көзделген»

Айта кетейік, былтыр 143 азаматтың үстінен жекеше айыптау шағымы түскен. Оның ішінде 123 тұлғаға «қорлау» бабы бойынша, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiтті деген айып тағылған.