Шымкентте әйеліне қол көтерген ер адамға сот үкімі шықты. 33 жастағы отағасы отбасылық жанжал кезінде келіншегіне жұдырық жұмсап, ұрып-соққан. Жәбір көрдім деген азаматша полицияға арызданып, артынша іс сотқа жетіпті. Сот барысында ол өзін күйеуі қызғаныштан ұрып соққанын айтқан.
Шымкент қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі: «Оның әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 1-бөлігімен (Ұрып-соғу) сараланды. Сотта жәбірленуші күйеуінің қызғаныштан бірнеше рет ұрып-соққанын көрсетті. Айта кетейік, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бұл бап әкімшілік құқық бұзушылық санатынан қылмыстық теріс қылық санатына ауыстырылып, жазаны қатаңдатуға мүмкіндік берді»
Қит етсе, әйеліне жұдырық ала жүгіретін ер адамға судья қатаң жаза тағайындамаған. Бар-жоғы 9 тәулікке қамауға үкім шығарыпты. Еске салайық, былтырдан бері отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі әкімшілік емес, қылмыстық іс санатында қаралатын болған. Бірақ, заңның күшеюі отбасылық кей тирандарға сол күйі әсер етпеген сыңайлы.