Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, елімізде бас құрған әр отбасының үшіншісі айрылысып жатыр. Сұрықсыз статистика әсіресе қалада жоғары. Республика бойынша екіге кеткен жұбайлардың 70 пайызы шаһар тұрғындары екен.
Бірақ, олардың бәрі бірдей шынайы ажырасып жатқан жоқ дейді мәжілісмен. Өкініштісі сол, ел азаматтары мемлекеттен көмек алу үшін қағаз жүзінде неке бұзуды қалыпты жағдайға айналдырған. Өтірік ажырасқандардың көздегені — оңай жолмен пайда табу деген халық қалаулысы Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдады.
Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Мәжіліс депутаты: «Шынымен тауқымет тартқан талай отбасының алдын орап, кезегін кешіктіріп, обалына қалуда. Мәселенің мәні осында. Олардың арасында мемлекеттік қызметте және бизнесте жүрген жағдайлы отбасылар да кездеседі. Яғни, тегін үйдің кезегіне тетігін тауып тұрып алған. Тіпті зәулім үйлерде тұрып, атаулы әлеуметтік көмек алудан да бас тартпай отырғандар қаншама. Өтірікке құрылған неке отбасылық құндылықты да құлдыратып жіберетіні анық».
Төменгі палата өкілінің сөзінше, еліміздің Отбасы туралы заңында ажырасуды реттейтін бап жоқ. Осы кемшілікті жетілдіру керек деген мәжілісмен әйтпесе көрсеткіштің күн сайын көбейе беретініне кепілдік жоқ деп отыр. Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстан бойынша 120 мыңнан аса неке тіркелсе, соның 40 мыңнан астамы ажырасқан.