Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Оларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерді, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.
− Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек. Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын, − деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектептердің ваучерлік тәсілмен қаржыландырылуы мүмкін екенін айтты.