Қаратау ауданына тағы бір елдімекен пайда болады. Өйткені аудан халқының саны өсіп, көпқабатты үйлер саны артуда. Биыл Сайрам тұрғын алабында 60 көшеге асфальт салынады. Сондай-ақ, электр жарығымен қамту жұмыстары да жүреді. Бұл туралы тұрғын алап халқымен кездескен аудан әкімі баяндады.
Шымкенттегі Сайрам тұрғын алабына жастар орталығы керек. Бұл – жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, зиянды әдеттерге жоламауына және өзге діни ағымдардан аулақ болуына үлесін тигізеді. Бүгін Қаратау ауданы әкімінің халықпен кезедсуінде тұрғындар осындай бұйымтайын жеткізді. Аудан басшысы бұл мәселесін қарастыратынын айтты.
Жиналғандар тұрғын алаптағы өртеніп кеткен балалар алаңшасын қалпына келтіріп беруді немесе жаңасын салуды сұрады.
Жиында электр жарығы, асфальт төсеу, жер мен емхана мәселесі де көтерілді. Аудан әкімі мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Сөзінше, биыл 2 елдімекен электр жарығымен және сапалы ауыз сумен қамтылады, ал 3 елдімекен табиғи газға қол жеткізеді.
Рахымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Асфальт жұмыстарына 168 көше белгіленіп отыр қазір қаралған бюджет бойынша. Ирригация жүйесі 16 орынға, бізде су басатын, су жиналатын орын бар, соларды реттеуге. Сонымен қатар, 27 балалар ойын алаңшасы, 3 спорт алаңшасы салынады».
Ауданда 2025 жылы жарықтандыруға 351 көше ұсынылып отыр. Сонымен қатар, қала мен тұрғын алапты арасын жалғайтын теміржол өткелі жөндеуден өтіп жатыр.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы: «Қала орталығы мен Сайрам тұрғын алабын байланыстыратын маңызы зор екі теміржол өткелі, Момынов көшесіндегі және Тіленшин көшесіндегі, Момынов көшесіндегі жоба 7,5 млрд теңге, Тіленшин көшесіндегі жоба 5,4 млрд теңгені құрап отыр».
2027 жылға дейін Қаратау ауданында тағы бір елдімекен пайда болады. Бұл – халық санының өсуі мен көпқабатты тұрғын үйлер санының артуына байланысты дейді аудан басшысы.