Онкологиялық ауруларды емдеуге арналған қазақстандық дәріні дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Оның тіркеу процесі 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Бұл дәрінің әзірлемесі онкологиялық науқастар үшін маңызды қолдау көрсетіп қана қоймай, еліміздің фармацевтика саласы үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады дейді сарапшылар.
Онкологиялық ауруларды емдеуге арналған отандық дәрінің клиникалық сынақтарының екінші фазасы жыл соңына дейін аяқталады. Емдік құрал сол уақытта тіркеледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты. Бұл – қазақстандық профессордың жаңа әзірлемесі, ерекше препарат.
Дос Сарбасов, Назарбаев университетінің профессоры: «Препарат өте әмбебап, біз оның қай қатерлі ісік түрлеріне әсер ететінін анықтауымыз керек. Барлық ісіктер толық геномдық талдаудан өтеді. Пациенттеріміздің мәліметтерін терең талдау арқылы біз осы жобаны сәтті аяқтауға мүмкіндік аламыз»
Елде онкологиялық аурулар бойынша есепте тұрғандар саны шамамен 200 мың адамды құрайды. Шымкентте диспансерлік есепте 8 мыңнан астам науқас бар, жыл сайын 1500 жаңа жағдай анықталады. Республикалық деңгейде бұл көрсеткіш 40 мыңнан асады. Онкологиялық аурулар арасында жетекші орындарда сүт безі рагы, өкпе және колоректальды қатерлі ісігі тұр. Алайда өлім-жітім деңгейі бойынша алғашқы орындарды өкпе, асқазан және тоқ ішек ісігі иеленген. Бұл дертпен күресу үшін елімізде заманауи емдеу әдістері – химиотерапия, хирургиялық операциялар және сәулелік терапия кеңінен қолданылады.
Жақсылық Мәуленов, Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың бас дәрігері:
«Елде отандық өндірістің дәрілері де бар. Мысалы, Қарағанды фармацевтикалық кешені мен Алматы компаниялары дәрі-дәрмектерді жеткізуде. Сонымен қатар, шетелдік өндірістің дәрілері де бар, оларды «СК-Фармация» жеткізеді. Барлық бұл дәрілер сараптамадан өтіп, бүгінгі таңда біздің науқастарымызға толықтай қолжетімді»
Жыл сайын Қазақстанда қатерлі ісіктен шамамен 12 мың адам қайтыс болады. Дәрігерлердің сөзінше, егер жаңа препарат барлық клиникалық сынақтан сәтті өтіп, тиімді әрі қауіпсіз құрал ретінде танылса, бұл науқастар үшін маңызды қолдау болып қана қоймай, ел экономикасына да айтарлықтай үлес қосады. Осылайша инновациялық дәрілер өндірісі — фармацевтика саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.
Вячеслав Локшин, Денсаулық сақтау саласының сарапшысы: «Оны сол уақытта әлемнің түрлі елдерінде патенттейді, ал Қазақстанда бұл препаратты бірінші болып өзіміздің зауыттарымызда немесе эксперименттік зертханаларымызда өндіру құқығы пайда болады. Бұл – біздің зерттеушілерімізді ынталандыратын жақсы жаңалық»
Зерттеудің негізгі кезеңдері аяқталғаннан кейін үшінші кезеңдегі клиникалық сынақтарды жүргізуге рұқсат алу үшін барлық қажетті құжаттар дайындалады.