Сауран аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы 7 жылға сотталды

22
Фото: Отырар.кз

Сауран аудандық білім бөлімінің экс-басшысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Түркістан қалалық сотында аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің 4 тұлғасына, яғни, бөлім басшысы, бас есепшінің міндетін атқарушы және екі қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты.

Сотталушылар аудандағы мектеп мұғалімдеріне бөлінген қаражаттан өз таныстарының есеп шоттарына 29 млн. теңгеден астам аударым жасаған. Оларға қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен айып тағылды.

«Түркістан қалалық сотында ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен айыпталған 4 азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Тергеу органымен сотталушылар «Ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімі» ММ-інде қызмет атқарып жүріп, өз өкiлеттiктерін теріс пайдалану арқылы мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне салдары ауыр зиян келтірген. Сотталушылардың кінәсі куәлердің берген жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, банктік аударымдармен және іс материалдарымен дәлелденді», — деп мәлімдеді Түркістан қалалық сотының баспасөз қызметі.

Прокурор сотталушыларды белгілі бір лауазымды қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, оларға 8 және 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот үкімімен бөлім басшысы мен бас маманы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал есепші мен экономистке 7 жылға шартты жаза тағайындалды.

«Екі тұлға ҚК 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымды қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал екі азамат ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танып, қаржы ұйымдарында белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл мерзiмге айыра отырып, оларға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 63-бабының талаптарын сәйкес екі азаматқа тағайындалған жаза шартты деп есептелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», — делінген хабарламада.