Сенатор шымкенттіктермен бірге Президент сұхбатын талқылады

21
Фото: Отырар.кз

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Ол жергілікті депутаттармен бірге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Ана тілі» басылымына берген сұхбатын талқылау іс-шарасына қатысты. Жиында Президент сұхбатында көтерілген мәселелерге тоқталды.

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласына келіп, жұмыс сапары аясында өңірдің халық қалаулыларымен кездесті. Жиында Президенттің «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын талқылады. Мемлекет басшысының мемлекеттік тіл, ұлттық құндылықтар, білім беру және елдің дамуы туралы айтқан ойлары қоғамда үлкен қызығушылық тудырып, жан-жақты талқылауға ұласты.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Жалпы еліміздегі реформалар, атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде болмақ. Мемлекет басшысы сұхбатында Үкіметтің жұмысына да үлкен баға беріп кетті, оның заң шығарушы қызметіне де үлкен баға берді. Еліміздің геосаяси жағдайында ішкі және сыртқы қарым-қатынастары туралы айтты».

Кездесу барысында сенатор қоғам белсенділерінің білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және инфрақұрылымды дамытуға салаларындағы жұмыстарға қатысты пікірін тыңдады. Халық қалаулылары мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, жастарды ұлттық құндылықтарға баулу және мәдени мұраны сақтау бағытында өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы: «Халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алуға болады деп ойлаймын. Менің өзім жауап таптым. Астарлы әңгіме де бар арасында. Ымдап та айтылды арасында. Үлкен саясаттан бастап, халықтың арасындағы өсек болып жүрген мәселелерге де тоқталды».

Сенатор өз сөзінде жергілікті қоғам белсенділерінің елдің дамуында алатын орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар, жиында қаланың экологиялық жағдайы, жол инфрақұрылымы мен тұрғын үй мәселелері де талқыға түсті. Кездесу соңында Дархан Қыдырәлі қоғам белсенділерінің ұсыныстарын Парламент деңгейінде қарастырып, оларды шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді