Шағаласы шалқыған шежірелі өлкенің құрылғанына 60 жыл толуына орай, Шардара ауданы әкімдігінің бастамасымен «Алтын қорға үлес қос» акциясын қолдау мақсатында «60 жылдыққа – 60 кітап» акциясы жарияланған болатын.
Осы тұрғыда бүгін аудандық мәдениет үйінде Шардара ауданының – 60 жылдығына орай, «60 жылдыққа – 60 кітап» атты акциясы өтті. Шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, акция аясында алтын қорға сыйға әкелген кітаптарын тапсырды.
«Шағаласы шалқыған шежірелі өлкеміздің құрылғанына 60 жыл толуына орай, ауданмен бірге құрылған аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен, аудан тұрғындарының рухани дамуына үлесімді қосу мақсатында «Алтын қорға үлес қос» жобасының аясында «60 жылдыққа – 60 кітап» акциясын бастадым. Өткен 2024 жылы аудандық кітапхананың кітап қорына 1500 жуық кітап берілген болса, осы игі бастама жалғасын тауып, жыл соңына дейін кітап- қазынамыз молаяды деген сенімдемін. Кітап адамды тәрбиелесе, кітапхана адамзатты тәрбиелейді.Биылғы жоспарлап отырған ауданымыздың 60 жылдық мерейтойы баршаңызға құтты болсын!»- деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, шараға аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ауданның «Құрметті азаматы» Қыстау Ілесов қатысып, кітапхана қорына 410 кітабын сыйға тартты. Акцияға әкімдік қызметшілері, ақын, жазушы және көптеген кітап сүйер қауым жиналып қорға 1000-ға жуық кітап өткізді. Бұл акция бүкіл ауылдық округтердегі кітапханаларда бір мезетте ұйымдастырылып, жыл бойына жалғастыру көзделген.