Шекарада тонналап картоп шіріп жатыр

 

Шекарада тонналап картоп шіріп тұр. Павлодардан Ташкентке жеткізілуі тиіс картопты ауыл шаруашылығы саласының өкілдері тексеру үшін Сарыағаштың шекарасында тоқтатқан. 10 күннен бері құжат тексеріп жүргенде 43 вагонға тиелген картоп бұзыла бастаған.

Сарыағашта картоп артылған вагондар 10 күннен бері тұр. 19 қаңтар күні фитосанитарлар Павлодардан шыққан жүк пойызын тоқтатып, жүктің құжаты мен өнімді тексеретінін айтыпты. Бірақ, сол күйі ешкім келіп тексермеген. Кәсіпкерлер артылған картоптың алды шіріп жатқанын айтады.

Азамат Серікбаев, кәсіпкер: «Шіріп жатыр, картоптың суы шығып жатыр. Шіріп жатыр. Іріп жатыр. Бұл қайта суы қатып тұр, жылыға шықса, вообще іріп-шіріп кетеді. Бұл жарамсыз. Бір вагонның өзінде 68 тонна бар ғой, шіріп жатыр 68 тонна картошка. Жарамайды уже«.

Кәсіпкерлер енді шіріген тауарды тапсырыс берушілерге қалай жеткіземіз деп күйінеді. Кейбірі амалдың жоқтығынан үсіп, суы шыққан картопты лақтырып жатыр.

Кәсіпкерлер 43 вагон картоптың құжатын 15 қаңтарға дейін жасатқан. Ал, өнімді елден шығаруға болмайды деген қаулыны министрлік 18-ші қаңтардан бастап шығарған екен. Өнімді шекарада негізсіз ұстап тұрғандар картопты жарты бағасына сатуды талап етіпті.

Нұрсұлтан Орманов, кәсіпкер: «Әкімдік бізге жарты бағасына сұрап тұр. 100-150 теңгеден сұрап тұр бізден картопты. Ол келісін 300-ден алғанбыз. Келем дегенше ірі картоп 370 теңгеден келген осы жерге дейінгі шығыны. Олар 150 теңгеден сұрап тұр. Білмеймін, жарты бағасына сұрап тұр ғой ол. Білмеймін не істейтінімізді енді. Шығынның бәрі мойнымызда. Мен қазір 3 вагоннан 60 миллион шығын боп тұр. Ол оңай ақша емес қой«.

Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігі осы уақытқа дейін құжаттарды тексердік дейді. Бірақ, енді 43 вагон тиелген пойыздар жүре берсе болады деп отыр.

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі: «Бүгінгі күні менің ақпаратым бойынша тексеру жұмыстары бітті. Қажетті ақпараттар анықталды. Сондықтан бүгінгі күнге вагондардың сыртқа кетуіне ешқандай тосқауыл не кедергі жоқ. Сондықтан, экспортқа бағытталған 43 вагон картоп артылған шекарадан шығып кете береді«.

Енді 10 күн бойы тұралап тұрған вагондардың жүруіне рұқсат. Алайда, тонналаған картоптың жарамсызы көп деген кәсіпкерлер шығынын есептеп, тез бұзылатын өнімді көп ұстаған шенеуніктерді сотқа береміз деп отыр.