Бүгін қала тұрғындары үшін ерекше қуанышты күн. Ұзақ уақыттан бері баспана кезегінде тұрған азаматтарға көптен күткен пәтер кілттері табысталды. Салтанатты шараға қала басшылығы мен тұрғындар қатысты.
Гүлвира Тасқұлова бұл күнді ұзақ күтті. Көпбалалы ана соңғы 7 жыл бойы баспана кезегінде тұрып, әр күнін үмітпен өткізген. Ал бүгін сол арманына қол жеткізіп, өз пәтерінің кілтін алды.
Гүлвира Тасқұлова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Шымкент әкімшілігіне, Елбасымызға рақметімді айтамын. Пәтерлі болып отырмын. Келе жатқан жылы пәтері жоқтар баспаналы болсын. Тек қана қуаныш тілеймін»
Бүгін жалпы саны 183 азамат баспаналы болды. Оның 150-і көпбалалы отбасы болса, 33-і әлеуметтік осал топ өкілдері. Оларға Асар-2 және Тұран шағынаудандарында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерден жаңа пәтердің кілті табысталды.
Азат Исламов, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы: «Аталған пәтерлердің барлығы 3 бөлмелі пәтерлер. Орналасқан мекенжайы Асар-2 және Тұрған ш.а. Бұл пәтерлердің жалпы ауданы 80 шаршы метрге дейін. Төлем ақысы 23 мың теңгеге дейін. Яғни өзінің алғанына байланысты үйлерді жалдау ақысын төлейді»
Айта кетейік, биыл жергілікті бюджет есебінен 1800-ге жуық отбасы ипотекалық пәтер алды. Сонымен қатар, 870-тен астам жанұя арендалық тұрғын үйге орналасты.