Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2024 жылы Қазақстан әлемде ажырасу көрсеткіші ең жоғары бес елдің қатарына кірді. Әр 1000 адамға шаққанда ажырасу коэффициенті 2,3% құрайды. Қазақстанның қоғамдық даму институты соңғы бес жылда некеге тұру санының тұрақты түрде азайып келе жатқанын атап өтті.
34 жастағы Мадина өзінің отбасылық өмірін «ауыр азаппен өткен уақыт» деп сипаттайды. Бұрынғы күйеуінің опасыздығы, агрессиясы және маскүнемдігі қарым-қатынастың бұзылуына себеп болды дейді ол. Кезекті жанжалдан кейін әйел тоғыз жасар ұлымен бірге далада қалған. Қазір Мадина арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында. Ол онда жаңа өмір бастау үшін қажетті қолдау мен көмек алады.
Мадина, жәбірленуші: «Мен 24 жасымда тұрмысқа шықтым. Біз жұбайымызбен бірге тұра бастағаннан-ақ қарым-қатынас нашарлай түсті. Алты жыл бұрын мен ажырасуға арыз бердім. Ол басқа әйелмен өмір сүре бастады, олардың үш баласы болды, бірақ кейінірек олар ажырасып кетті. Біздің туыстарымыз екеумізді татуластыруға тырысты, бірақ үш айдан кейін қатты жанжал болып, ұлым екеуміз далада қалдық. Содан кейін учаскелік полиция маған дағдарыс орталығына хабарласуға кеңес берді. Үш айдан бері ұлым екеуміз осында тұрып жатырмыз. Ұлым мектепке барады, мен жұмыс істеймін. Мұнда маған психолог, заңгер көмектеседі. Жақында алимент алуға өтініш бердім«.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы әйелдер арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына жүгінеді. Мекеме оларға психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіп қана қоймай, уақытша баспана, жұмысқа орналасуға көмек және әлеуметтік бағдарламаларға қолжетімділік ұсынады.
Ғалия Мұталиева, № 3 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары: «Біз барынша олармен жұмыс жасаймыз, күйеулерін шақырамыз. Жанжал кімнің тарапынан туындады. Егер енесі, қайынсіңлісі тарапынан туындаса, барлығын шақырып, психологтар жұмыс жасайды. Қосылып жатқандар бар».
Қазақстандағы ажырасу себептерін үш негізгі топқа бөлуге болады: тәуелділік — 61,7%, отбасындағы зорлық-зомбылық — 51,1%, опасыздық — 47%. Мамандар отбасын құруға саналы түрде дайын болу керегін айтады.
Лаура Садықова, психотерапевт: «Некені сақтап қалғысы келетіндер, ортақ мақсаттары мен қызығуышылығы бар адамдар ажырасудан саналы түрде аулақ болып, жақсы қарым-қатынас орната алады. Психотерапевт ретінде мен міндетті түрде отбасылық психотерапиядан өтуді, не қалайтындарыңызды нақтылауды және оған саналы түрде қарауды ұсынамын«.
Кейбірі мінездің сәйкес келмеуіне байланысты ажырасса, енді бірінің көздегені басқа. Сарапшылар діни және азаматтық некені реттеу тетіктерін әзірлеу және жосықсыз ата-аналардан алимент өндіріп алу процестерін жетілдіру қажеттігін айтады. Заңды некедегілердің ортақ балалары болса, ажырасу процесі сот арқылы жүзеге асырылады.
Евгений Яворский, адвокат: «Егер ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары немесе мүлкі болса, онда некені бұзу тек сот арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Егер балалар және ешқандай дау-дамай болмаса, ХҚКО-ға келіп, өтінішке қол қою жеткілікті, сізге бос екеніңізді растайтын қағаз береді. Ал кері жағдайда, мүлік пен алиментке қатысты үлкен проблемалар туындайды және ешкім төлегісі келмейді. Қазір біз жаңа әдістерді енгізуге тырысып жатырмыз, бірақ олар әзірге жұмыс істемейді«.
Ұлттық статистикалық бюроның 2024 жылдың 11 айындағы деректеріне сәйкес, Шымкентте 6712 неке және 1883 ажырасу тіркелген. Сарапшылар отбасы және әлеуметтік жауапкершілік институтын қолдауға бағытталған шараларды қабылдаудың маңызды екенін айтады.