Қоғам дертіне айналған есірткімен қала болып күресуіміз керек. Есірткі жарнамаларын полицейлермен бірге белсенді жойып жүрген ерікті жастар осылай дейді. Өткен жылы шаһарда түрлі жерлерде бас-аяғы 8 мыңнан астам уытты заттың насихаты өшірілген. Бірақ әлі де оны тасымалдаудың жарнамасын түрлі жерлерге таңбалап кететіндер бар. Әсіресе адам аяғы баса бермейтін тасада қалған орындарға еліткіш затқа елітетін жарнамаларды жаппай жабыстырып кетеді екен.
Осындай себептердің салдарынан көбіне жастар жағы жапа шегіп қалуда. Жеңіл табыс табам деп, құрықталған есірткі тасымалдағандардың 70 пайыздан астамы жастар. Сондықтан жастардың қамын жастар күйттеп, кезекті есірткі насихатын жою шараларын жүргізді.
Шымкентте есірткі жарнамасы тыйылмай тұр. Өткен жылы мұнымен күресуші полицейлер шаһарда 8 мыңнан астам еліткіш затқа тартып тұрған хабарландырудың көзін жойған. Нашаны алудың жолын көрсететін немесе оны тасымалдауды жеңіл әрі жоғары табысқа жасыратын жарнамалар көбіне тасада қалған тастанды жерлерге жабыстырылады екен. Әлгіндегі көл-көсір ақшаны көрсетіп, оп-оңай жұмысты ұсынатын жалған жазу-жапсырмаларға көбіне жастар ілігеді дейді мамандар.
Есірткіні тасымалдап, табыс тапқандардың былтыр қолға түскендері біразы жас болып, жалпы көрсеткіште 70 пайызды көрсеткен. Мұндай қатарластарының қапияда алданып қалғандарына қарымтасын қайтармақ ниетте енді мына бір ерікті жастар әрекет етуде. Жастар ресурстық орталығы қол астында құрылған бұл мобильді топ жұртшылықты улайтын уытты заттардың үгіт-насихаты анықталған кезекті объектіні өшіріп шықты. Белгілі болғандай, есірткі жарнамасы жаппай жабыстырылған жер тағы адам жүре бермейтін, қараусыз қалған орын. Жауаптылар тәртіп бұзушылықты түсіретін бейнебақылау камераларын көбейтуді қолға алдық дейді. Қалалық әкімдікке биыл қосымша бақылау жабдықтары орнатылмаған жерлерге 3000 камера қою бойынша ұсыныс жіберіліпті.
Бауыржан Карбеков, Шымкент қ. ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі: «Жалпы қала прокуратурасының ұсынысымен осы бағыттағы жұмыстарға коммуналдық қызметтер де тартылды. Яғни, қазіргі таңда коммуналдық қызметтер де осы жазбаларды жоюға көмектесіп жатыр. Өткен жылы бізде қаламыз бойынша есірткінің заңсыз айналымымен байланысты 500-ден астам түрлі есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар анықталды. Және де қаламыз бойынша өткен жылы бізбен атқарылған жұмыстар нәтижесінде заңсыз айналымнан 150 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді».
Шымкенттік жастар қоғам дертіне айналған есірткімен күресуге барлық қала болып етене жұмыс жасауымыз керек деп санайды. Шаһарда басқаны былай қойғанда кәдімгі жалындап, жарқырау қажет жастардың өзі нашақорлыққа шалдығып, ауруханаға ауырып түсіп жатыр екен. Сондықтан осындай еліткіш затпен күресу шарасының маңызы зор дейді ерікті белсенділер. Сондай-ақ оның жалғасын табуы да аса мән-маңызға ие болып отыр.
Ерасыл Аймахан, М. Әуезов атындағы ОҚУ жастар орталығының маманы: «Бүгін қаламызда есірткіге жол жоқ атты акция өтіп жатыр. Бұл акцияның негізгі мақсаты – есірткіге қарсы күресті насихаттау. Есірткінің жаман екенін жастарға дәріптеу. Бүгінгі акция өз жалғасын тауып жатыр, күздегі акцияның жалғасы».
Полицейлерге қолғабыс болып, нашаның үгіт-насихатын жойып жүргендер бұл үрдісті 24 жылдың аяғында бастаған. 50-ден аса жас кезекті іс-шараға шыққан «Есірткісіз болашақ» атты мобильді топтың жылдық жоспары бар. Соған сай тұрақты түрде белсенділік жалғасын табады. Осы орайда олар рухани астана Түркістан тұрғындары мен жастарына осындай есірткімен күресу шарасын челлендж ретінде жолдайды.
Аружан Әлжан, ЖРО басшысының орынбасары: «Есірткімен күреске байланысты түрлі іс-шаралар өткіземіз. Жастарды нашақорлық орталығына алып бару арқылы өз көздерімен көрсету. Не болмаса түрмеге алып бару арқылы жастардың жеңіл табыс табамын деп бір айдың ішінде түрмеден бір-ақ шыққаны, оған қандай жаза қолданылғаны соның бәрін көрсетумен ой салуды көздейміз».
Есірткі жарнамасын жабыстырып, жазып жүргендерге заңда 3 жылдан 6 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қаралған. Былтыр Шымкентте еліткіш затқа еліктіріп жарнама жасап жүрген 4 азамат анықталып, қамауға алыныпты. Бүгінде нашаны насихаттау немесе сату, алу, тасымалдау интернет беттерінде, әлеуметтік желілерде қызып, өршіп тұр. Елімізде өткен жылы тап сондай қызметті атқарып келген 7 мың сайт белгілі болып, бұғаттауға енгізілген. Есірткіге қатысты тағы бір ақпар, айта кеткен жөн, 2024 жылдың 27 желтоқсанында ел Президенті есірткіге қатысты қылмыстардың жауапкершілігін жеңілдететін өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңнамаға қол қойды. 3 наурыздан бастап күшіне енетін жаңа заң бойынша есірткі қылмысын жасаған айыптылардың бас бостандығы 10 бен 15-тен, 7 жылдан 12 жыл аралығына азайтылды.