Шымкентте із-түзсіз жоғалған жастар әлі табылмады

42
фото ktk.kz

Шымкентте жоғалып кеткен жас жігіт пен мектеп оқушысы әлі табылмады. 14 қаңтар күні хабарсыз кеткен Бәйдібек Еділбек әлі күнге дейін байланысқа шыққан жоқ. Ал 21 қаңтар кешке соңғы рет таксиге мінгенін айтқан Арайлым Ермекбайдың іс-түссіз кеткеніне бүгін алтыншы күн. Екеуі де Ордабасы ауданының тұрғындары. Жоғалған жастардың туыстары жақсы хабар болып қалар ма екен деп телефонға елеңдеп отыр.

14 қаңтар күні жоғалып кеткен мектеп оқушысы әлі табылмады. Арайлым Ермекбай соңғы рет Шымкенттегі Алаш базары аумағынан таксиге мінгені туралы әжесіне хабарлаған. Содан кейін мүлдем байланысқа шықпаған. 2007 жылы туған қыз Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында тұрады. Жасөспірімнің жақындары үрімдей қыз бірдеңеге ұшырап қалмас па екен деп, жанын шүберекке түйіп отыр.

Хамзагүл Құрақова, Арайлым Ермекбайдың әжесі: «Полицияға хабарластық, барлық жерге «Іздеу саламыз» деген қағазын бердік. Еш жерден табылмай жатыр. Олар бізге жәрдем де беріп жатқан жоқ».

Ал 14 қаңтарда Ордабасы ауданынан Шымкентке жүргізуші куәлігін алуға келіп, іс-түзсіз жоғалған Бәйдібек Еділбектен де әлі хабар жоқ. Сол күні сағат 15:22-де жігіттің бірінші, 16:00 шамасында екінші ұялы телефоны сөнген. Ол соңғы рет әкесімен «ауылға қайтатынын» айтып байланысқа шығыпты.

«Камерадан қарасақ, бері қарай сол остановкадан жүрген кадры ғана бар, одан басқа ешқандай кадр жоқ.  Көрген-білген адамдар болса, өтініш хабарласыңыздаршы. Әке-шешесі жылап отыр, атасы мен апасы ауырып отыр», — дейді Бәйдібек Еділбектің туыстары.

Айдың күннің аманында хабар-ошарсыз кеткен жастардың туыстары іздестіру жұмыстары баяу жүріп жатыр деп шағымданады. Айта кетейік, жас жігіт пен мектеп оқушысы екеуі екі бөлек ауыл тұрғындары.

«Полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз жоғалған қыз туралы арыз бойынша іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Іздеу жұмыстарына Шымкент қаласы Полиция департаментінің кешенді күштері мен құралдары жұмылдырылды, аудандық бөлімдердің жеке құрамы мен көрші өңірлердің полиция департаменттеріне бағдар жолданды.

Жоғалған азамат туралы арыз бойынша полицейлермен іздестіру шаралары жүргізілуде. Ер адамды анықтауға бағытталған жұмыстарға полиция департаментінің барлық күштері жұмылдырылды», — делінген Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Арайлымның бойы 160 см, қара спорттық үлгіде киінген, шашы қара түсті. Ал 20 жастағы Бәйдібек Еділбек орта бойлы, арық денелі, қара торы келген. Егер көрген-білгендеріңіз болса, экранда көрсетілген нөмірге хабарласуыңызды сұраймыз.

Арайлым Ермекбайдың туыстары:
+7 707 207 19 55

Бәйдібек Еділбектің жақындары:
+7 707 507 38 69
+7 777 882 67 86