Шымкентте “Хадиша” көпсалалы клиникасы ашылды. Заманауи стандарттарға сай жабдықталған орталық шұғыл және жоспарлы түрдегі медициналық қызметтерді ұсынады. Мекеме мамандары денсаулық сақтау саласында сенімді серіктес болуға және емдеу процесінің әр кезеңінде пациенттерге қолдау көрсетуге дайынбыз дейді.
Жаңадан ашылған клиниканың алғашқы пациенттерінің бірі — Ақжан Қалмұхамед. 27 жастағы жігітке «Хадиша» көпсалалы емханасында сіңірді қайта қалпына келтіру отасы сәтті жасалды. Хирургиялық операция ешқандай асқынусыз өтті дейді дәрігерлер.
Ақжан Қалмұхамед, науқас: «Сіңірлерім кесілген еді. Данияр дәрігерге жолықтым. Анлиздерімді тексеріп, ота жасап берді. Рақмет айтамын. Қазір бәрі жақсы. Өзімді жақсы сезініп тұрмын»
“Хадиша” клиникасының құрылысы 2020 жылы басталған. Қазіргі таңда амбулаториялық-емханалық қызмет 50 мың адамды қамти алады. Сонымен қатар, емхана шұғыл және жоспарлы түрдегі медициналық көмек көрсетеді. Қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында қолжетімді. Ал, клиниканың төсек қоры 350 орынды құрайды.
Бауыржан Дауеи, «Хадиша» клиникасының бас директоры: «Бұл клиника денсаулық сақтау департаменті мен фомс, әкімшіліктің қолдауымен Асар шағынауданында ашылды. Бұл орталықта кардиохирургия, нейрохирургия, инсульт, потология, жалпы хирургия, гинекология сынды барлық керекті жедел емдерді қабылдауға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатқанымызға 9 күн болды. Біз керекті медициналық көмек көрсетіп жатырмыз»
«Хадиша» клиникасы кең ауқымды қызметтерді ұсынады. Онда тоғыз операциялық зал мен үш реанимациялық бөлім жұмыс істейді. Операциялық залдардың бірінде заманауи ангиограф аппараты орнатылып, ол кардиохирургиялық блокпен байланысқан. Бұл орын жүрекке арналған ота түрлерін жасауға арналған және жасанды қан айналымы аппаратымен жабдықталған. Сонымен қатар, барлық операциялық залдар ламинарлық ағым жүйесімен қамтамасыз етілген. Клиникада түрлі зертханалық зерттеуді жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи зертханалық құрал-жабдықтар бар.
Жасұлан Жиренбаев, «Хадиша» клиникасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:
«Бұл аппаратпен біз нейрохирургиялық операциялар жасаймыз. Инсультпен түскен науқастарға. Инсультты алдын алу мақсатында операциялар жасаймыз. Және жоғары мамандандырылған көмек көрсетеміз. Бұл аппаратпен тіліксіз операция жасалады, тамыр ішімен. Бір ерекшелігі бұл операциядан кейін науқастар ертесіне тұрып, жүруге мүмкіндігі болады»
«Хадиша» көпсалалы клиникасы — еліміздегі алдыңғы қатарлы жеке медициналық ұйымдардың бірі. Мекеме заманауи жабдықтар мен ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, халыққа сапалы қызмет көрсетуді көздейді.