Әлеуметтік желіде «Қытайдан тағы вирус шықты» деген жұрт, шулап жатыр. Расында ақпарат көздерінде аспан асты елінде адам метапневмовирусы деген індеттің дендеп жатқаны жайлы мәлімет кеңінен тарады. Шекаралас елден қауіптеніп, алаңдаған жұртшылыққа денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасап, аталмыш вирустың бүгін шықпағанын, қатардағы инфекция екенін хабарлады. Тіпті елде эпидемиялық маусымның басындағы тексерісте аталған аурудың 30-ға жуық фактісі тіркелгенін де мәлім етті. Ел басшысы да алаңдауға негіз жоқ дейді. Дегенмен дәрігерлер сақтықта қорлық жоқ деп, көпшілікті сақтану шараларын ұстануға шақырады.
Қытайда адам метапневмовирусы деген індет белең алғаны жайлы түрлі ақпарат көздері жарыса жазуда. Белгілері кәдімгі тұмаудікіне ұқсас келетін бұл вирус түрі, асқынған жағдайда пневмонияға ұласады екен. Дегенмен бұл жаңа, таңсық ауру емес.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш вирусқа қатысты мәлімдеме жасады. Хабарламада метапневмовирустың көптеген елдерде ондаған жылдар бойы таралған классикалық ауру түрі екені айтылады. Сондай-ақ эпидемиялық маусымның басында елімізде аталған вирустың 30 фактісі тіркеліпті. Бұл ретте Шымкентте адам метапневмовирусы тіркелмеген дейді жергілікті мамандар. Алайда ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі артқанын мәлімдеді.
Клара Рүстемова, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары: «ЖРВИ гриппен сырқаттанушылықтың 31168 жағдайы тіркеліп, бұл өткен кезеңдегі эпидемиологиялық маусым кезеңімен салыстырғанда 1,03 есеге өсуі байқалады. Қазіргі таңда жаңа инфекцияға қарсы арнайы ем немесе вакцина әлі ойлап табылған жоқ».
Метапневмовирус ауа арқылы және тұрмыстық жағдайдағы байланыс кезінде жұғады. Негізгі белгілері жөтел, ентігу, бас ауру болатын бұл вирустың көбіне балалар мен егде жастағы адамдарға жұғу қаупі жоғары саналады. Нақты емдеу жолы жоқ, симптоматикалық емдеу қолданылады екен. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды сақтық шараларды сақтауға және халық көп жиналатын орындарда физикалық байланыстарға түспеуге шақырады. Және бұл әсіресе созылмалы аурулары бар ең осал пациенттерге қатаң қатысты екені айтылады.
Тұмау мен ЖРВИ-дың профилактика шаралары:
— адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу;
— үй-жайларды үнемі желдету;
— қолды тазарту үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану;
— ауру адамдармен байланысын шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету;
— тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу;
— ауру белгілері пайда болған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.
Жаңа инфекция туралы ел Президенті де пікір білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, аталмыш вирустан даңғаза жасап, дүрлігудің қажеті жоқ. Көршілес Қытай елімен ынтымақтастықты дамыту одан әрі жалғасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек».
Метапневмовирус тұмау маусымының кезінде өршитін респираторлық инфекциялардың бір түрі болғандықтан, сарапшылар халық арасындағы короновирустан қауіпті індет деген әңгімені шындыққа жанаспайды дейді. Ал аспан асты елінде белсенді тараған бұл ауру турасында, Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі «респираторлық инфекциялар әдетте қыс мезгілінде шарықтау шегіне жетеді» деп түсіндірді.