Шымкентті шарлаған жағымсыз иіс қайдан шығып жатыр? 

21

Шымкентте түнде түсініксіз иіс шығып, тұрғындар тынысымыз тарылады деп дабыл қағады. Бірақ экобелсенділер жағымсыз иістің шығып жүргеніне екі жылдан астам уақыт болғанын айтады. Олар мәселені арқалап, әкімдіктен бастап, экология департаменті, СЭС бәрін қалдырмай аралаған екен. Нәтижесінде иіс жоғалмады, осы қыста арта түсті деп отыр олар. 

Әлеуметтік желіде қала тұрғындары Шымкентте ауаның ластануына шағымдарын толаcсыз жазып жатады. Айтуларынша, шаһардың түкпір-түкпірінде газға ұқсас жағымсыз иіс түнде және таң сәріде шығып тынысты тарылтады.

Жүректі айнытып, басты ауыртатын түсініксіз иістің қаланың шарлап жүргені бүгін емес. Осымен тұрақты айналысуға көшкен экобелсенді Оксана Шонаеваның айтуынша 2 жылдан бері ол табиғи таза ауаны ластайтын иіспен күресіп әлек. Ол тіпті таза ауа атты ватсап чат ашып, тұрғындар мен құзырлы органдар арасында көпір болып жүр.

Алайда әліге дейін экожауаптылар жағымсыз иістің қайдан шығып жатқанын анықтамаған. Дегенмен экобелсенді біз шағым жазғанда, ахуал жақсарып, иіс белгілі бір уақытқа шықпай қалады дейді. Сондай-ақ ол қаладағы Мұнай өңдеу зауыты үзіліс жасағанда, жағымсыз иіс біраз уақытқа дейін жоғалғанын алға тартады.

Оксана Шонаева, экобелсенді: «Қалада бір жағымсыз иіс. Ол жағымсыз иісті енді дәл қандай екенін айта алмаймыз. Бір мезгіл газдың иісі шығады, бір мезгіл, битум, краска иісі шығады. Бірақ ол қаланың бір-ақ жерінде емес, бүкіл қаланың әрбір орындарынан шығады. Петиция жөнінде де, әкімшілікке барлығына жалып жазғанбыз негізі. Шағым деген көп түседі. Соның ішінде түнде тұрғындар көп шағымданады».

Ал жағымсыз иістің жайынан қалалық экология департаменті бейхабар емес. Бірақ әлі күнге дейін нақты дереккөз анықталмағанын айтады. Себебі шақырту бойынша барғанда әлгі иісті таппаймыз, тарқап кетеді дейді. Шаһарда жыл санап, өндіріс орындары көптеп ашылып жатқан соң, сәйкесінше Шымкентте қоршаған ортаға келтіретін экологиялық шығындардың жүктемесі арта түскен. Өткен жылы тексеріс кезінде 38 кәсіпорыннан талаптардың сақталмауы анықталып, 280 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

Сабыр Балыбек, Шымкент қаласы экология департаменті басшысының орынбасары: «Қазіргі уақытта біз мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Егер кәсіпорындардың санитарлық қорғау аймағынан тыс жерде анықталған жағдайда біз тиісті шара қолданатын боламыз. Қазір қай кәсіпорындар екенін анықтау үстіндеміз. Индустриялық аймақта бірнеше кәсіпорындар орналасқан. Өздеріңізге белгілі, бүгінде қосымша Жұлдыз индустриялық аймақ қосылып жатыр. Барлығы қоршаған ортаға өз үлестерін қосып келеді. Яғни зауыттың саны көбейген сайын, атмосфералық ауаға да ластаушылығы арта түседі.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша Шымкент жоғары деңгейде ластанған қалалардан кейінгі келесі ластанған қала.

Ерлан Нысанбаев, Экология және табиғи ресурстар министрі: «Шымкент жоғары деңгейде ластанған қалаға жатпайды, келесі ластанған қалаға жататын өңір».

Қазгидромет мамандарының мәлімдеуінше, Шымкенттегі ауаның ластануы көтеріңкі деңгейде. Оған бірнеше фактор әсер етеді дейді олар. Айталық зауыт-фабрикадан бастап, көліктен шығатын түтін, кәсіптік орындардағы экологиялық шығындар мұның бәрі атмосфералық ауаның сапасын нашарлатады.

Еркемай Матегова, инженер-химик: «Қазіргі кезде бізде Самал 3 шағын ауданы мен Нұрсәт шағын ауданындағы автоматты бекеттерімізде ауада күкіртті сутегінің шекті нормадан асқандығы тіркелуде. Оның шығу себебі қалалық тазарту құрылыстары».

Таза экология денсаулықтың кепілі. Сондықтан экобелсенділер жұтатын ауа, ішетін су, жейтін тағам таза болу үшін түрлі тараптарды талаптарды сақтауға шақырады.