Төтеншеліктердің МӘМС жүйесіндегі мәртебесі сақтандырылған

26
фото МӘМС

 

МӘМС туралы заңнамаға сәйкес, жұмыс берушілер әскери қызметшілерге, арнайы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне аударымдар төлеуден босатылған. Бұл қызметкерлер туралы мәліметтер «Арнайы есепке алу» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Мәліметтер енгізілгеннен кейін оларға «сақтандырылған» мәртебесі беріледі.

Әскери қызметшілер мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысты арнайы ережелер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қаласы бойынша филиалы қызметкерлерінің қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ұжымымен кездесуінде кеңінен түсіндірілді.

Қор филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден төтеншеліктерге медициналық сақтандыру жүйесінің маңызды тұстары, оның артықшылықтары мен тұрғындар үшін пайдасы туралы түсіндірді.

Кездесуде атап көрсетілгеніндей, қазіргі таңда денсаулық сақтау саласын қаржылық тұрғыдан тұрақтандыру, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және оларды халыққа қолжетімді ету маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда елімізде енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа медициналық көмек көрсетудің жаңа деңгейін қамтамасыз етуде. Айта кету қажет, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бұл – әлеуметтік жоба. Жинақтаушы болып саналмайды. Сақтандырылған әр азамат керек кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан, МӘМС шеңберіндегі барлық медициналық көмек түрлерін алуға құқылы.