Кентаулық тұрғындар жақында ғана қуана кірген баспанадан безініп отыр. Себебі, бір ғана қыстың ішінде үй тозып, қабырғалары бүлінген. 50 жыл бұрын салынған ескі үйді екі жыл алдын жергілікті билік жекенің меншігінен сатып алып, кезекте тұрғандарға таратып беріпті. Пәтерлеріне кіргенде қуаныштан бөріктерін аспанға ата қуанған тұрғындар, қазір суық үйде қабат киіммен бүрсең қағып, қиын жағдайда отыр.
Кентаудағы бұл үй сыртынан бүтін көрінгенмен, ішкі жағдайы мүлдем басқа. Тұрғындар бір жыл бұрын көшіп келгенімен, алған пәтерлері үміттерін ақтамаған. Үй иелері жаздың күні суды жоғарғы қабатқа жеткізе алмай мезі болса, қыстың күні жылуға жарымай отыр. Қазір амалсыздан бірнеше жылыту қондырғысын қосып, бір бөлмеде күнелтуге мәжбүр.
Нұрбибі Әбілқайыр, Кентау қаласының тұрғыны: «Менің балаларым шетінен ауырып. Жылу жоқ. Айына жылуға бөлек төлейміз, оған қоса жарыққа 20 мың теңгеден төлейміз. Оны менің қалтам көтермейді. Үш баланы бағу оңай емес»
Тұрғындар тұтынатын су жоқ болғанымен, терезеден кіретін су жетерлік дейді. Сөздерінше қабырғалар мен төбелер құрғамай, салдарынан дуалдар үгітіліп, көгере бастаған. Қаржы тапшылығынан жөндеу жұмыстарын үнемі жүргізуге мүмкіндік жоқ екен. Жұртшылық осы жағдайлардың нәтижесінде жақында жеткен баспанамыз апатты күйге түсе ме қауіптеніп отыр.
Гүлмира Юлдашова, Кентау қаласының тұрғыны: «Мынаның бәрі су болып жатыр. Бесінші қабаттан бастап, бірінші қабатқа дейін осындай болып жатыр подъезіміз. Апатты болады деп қорқамыз. Үгітіліп түспесіне кім кепіл»
Тұрғындар мәселені қалалық шенеуніктерге жеткізгенімен, нақты әрі байыпты жауап ала алмай отырмыз деп ашынады. Олар проблеманың жақын арада шешілетініне күмәнмен қарайды. Ал, салаға жауаптылар баспанаға тексеру жүргізіп, суды жоғарғы қабаттарға жеткізу үшін арнайы насос орнатуға тырысамыз деп уәде берді. Сонымен қатар, жылу мәселесін де толық шешуді жоспарлап отырмыз дейді.
Нұрбол Көкенов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары: «Әр пәтерге кіріп ТЭЦ қызметкерлерімен сөйлесіп, ауасын шығару керек. Ауасын шығарып, тексеру керек. Басты мақсат элеваторға дейін жылу келіп тұрса, ішкі жүйесін туралау қатты қиын емес»
Тұрғындар берілген уәденің жақын арада орындалуын қалайды. Өйткені, олар жылдар бойы кезекте тұрып, қол жеткізген баспаналарында жайлы өмір сүргісі келеді.