Түрмедегі әйелдерге амнистия жасау ұсынылды

20

 

Мәжіліс отырысында депутат Қарақат Әбден бас бостандығынан айырылған әйелдерге амнистия жасауды ұсынды. Ол әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылықпен байланысты болмаса, амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынатынын жеткізді. Сөзінше, бұл өмірде қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектердің дұрыс жолға түсуіне мүмкіндік береді.

Мәжілісмен Қарақат Әбден сотталған әйелдерге амнистия жасауды ұсынды. Ол депутаттық сауалын Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдады. Айтуынша, сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылықпен байланысты болмаса және қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, әйелдерге амнистия жариялау мүмкіндігін қарастырып көрген жөн. Өйткені бұл отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне мүмкіндік береді.

Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Көп жағдайда отбасындағы бала тәрбиесі әйелдердің мойнында. «Ана алақанның аясы — ақ шынардың саясы» деген сөз бар. Бүгінгі таңда 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы — аналар, оның ішінде 250-і көпбалалы аналар. 1500-ден астам бала анасыз қалып, аналарымен қауышуды күтіп отыр. 100-ге жуық сәби үйіне жіберілген. Бұлар жай ғана цифрлар емес — бұл ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы ана жылуынан айырылған сәбилер».

Мәжіліс депутаты сотталған әйелдерге рақымшылықты қолдану үшін бірқатар критерий ұсынды. Олардың қатарына зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер, жүкті және кішкентай баласы бар, көпбалалы әйелдер, алғаш сотталған және жасы ұлғайған сотталушылар жатады.

Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Ал ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс жасап, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды».

Депутат берген мәліметке сүйенсек, Қырғызстанда әйелдерге 1996 жылдан бері 3 рет амнистия жасалған. Ал Өзбекстанда 2013 жылы рақымшылық жасалып, әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылған. Ресейде әйелдер 2023 жылы рақымшылыққа ілінді.

Сондай-ақ, АҚШ-тың кейбір штаттарында әртүрлі қылмыс жасап, сотталған әйелдерге бірнеше рет амнистия жасалған. Қарақат Әбден әйелдерге амнистия жарияланса, елдің пенитенциарлық жүйесіне жүктеме азаятынын жеткізді. Сондай-ақ, балалар үйлеріне түсетін жүктеме төмендеп, әлеуметтік шиеленіс азаяды дейді ол.