Жалған мүгедектік құжатын жасатқандар бар

22

Шымкенттегі әлеуметтік орталықтар қатарында талапқа сай келмейтіндері бар. Оларда өрт қауіпсіздігі актісі талаптары орындалмағаны және пандустар қарастырылмағандығы анықталған. Ал қала тұрғындарының қатарында жалған мүгедектік құжатын жасатқандар да бар дейді мамандар. 

Шымкентте жалған мүгедектік құжатын жасатқандар бар. Бұл туралы
Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің мамандары мәлімдеді. Бір жыл көлемінде анықталған жағдайлар туралы деректерді департамент шара қолдану үшін тиісті мекемелерге жолдаған.

«Жалған құжаттар бойынша бізде бір жыл көлемінде істелген жұмыс бар. Бұл бойынша хаттармен де шықтық. Денсаулық басқармасы, Фармконтроль, тиісті мекемелерге де шықтық. Ол бойынша бірінші жауапкершілік емдеу мекемелері жағынан, осындай қателік жасаған», — дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының МӘС жөніндегі орынбасарының м.а. Рахман Шегірбаев.

Қаланың 15 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қатарында талаптарға сай келмейтіндері де бар. Мысалы, №6 орталықта пандустар, өрт қауіпсіздігі актісі және қолжетімділік талаптары орындалмаған. Сонымен қатар, мүгедектік мәселесі бойынша да статистика белгілі болды. Шымкентте мүгедектігі бар адамдар саны 41 496-ға жетіп, бұл көрсеткіш жалпы қала тұрғындарының 3,3%-ын құрады.

«Өткен жылмен салыстырғанда мүгедектіктің өсу тенденциясы көрініп тұр. 404 адамға өскені бар. Ал ересектер арасында келетін болсақ 208, 18 жасқа дейінгі 66 балаға өскен. Толық оңалтылғандардың саны 6,2 пайызды құрайды, өткен жылмен салыстырғанда бір деңгейде. Абсолютті түрде өсу 721, мүгедектіктен оңалу бар», — дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының МӘС жөніндегі орынбасарының м.а. Рахман Шегірбаев.

Бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар саны – 4683, ІІ топ – 15410, ІІІ топ – 13458, ал 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар – 7645. Ересектер арасында мүгедектіктің негізгі себептері жүрек-қан тамырлары аурулары, психикалық бұзылулар және жарақаттар болып отыр.