«Жатыр мойыны обыры көбейіп барады»: Дәрігерлер дабыл қағып жатыр

25
фото ШӨКҚ

Қазақстан бойынша жатыр мойнының қатерлі ісігіне ұшыраған әйелдер қатары артып барады. Науқастар Шымкент пен Түркістан облысында да азаймай тұр. Осылай деп дабыл қаққан дәрігерлер обырдың жасарып бара жатқанын да жасырмайды. Сөздерінше, жатырдағы аты жаман ауру 30 жасқа дейінгі келіншектер де табылатын болған.

61 жастағы Насиба Ибашеваның ауруханада емделіп жүргеніне міне 4 ай. Түркістан қаласының тұрғынынан жатыр мойнының обыры анықталған. Үшінші сатыға өтіп кеткен ісікпен күресіп жатқан ол бәрі де дер кезінде қаралмағанның кесірі дейді. Абырой болғанда науқастың беті бері қарап, қазір өз үйіне қайтуға қамданып жүр.

Насиба Ибашева, науқас:  «Он жыл тексерілген жоқпын. Мүлдем барған жоқпын еш жаққа. Мазам қашты. Сосын тамақтан қалдым мен. Шай-тамақтан қалдым. Әрекет қылдым. Ашытқаннан кейін әрекет қылдым. Оған дейін әрекет қылмадым. Тексерілген жақсы екен. Ең болмағанда 4-5 айда тексерілген жақсы екен. Үй-жай деп жүріп… Әйел адамдарға қиын екен».

Өкініштісі сол аты жаман ауру кәрі-жасты таңдамайтын күйге жеткен. Дәрігерлер жатыр мойнының қатерлі ісігі табылған науқастар арасында жасы 30-ға жетпеген келіншектер де бар дейді. Солардың бірі былтыр аурудан жеңіліп, жан тапсырыпты. Артында 4 перзенті қалған. Мамандардың айтуынша, жатыр мойны обыры – қазақстандық әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Қазір бұл қатерлі ісіктің таралуы сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.

Докторкүл Тасбалтаева, Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың радиогеникология бөлімшесінің радиолог-дәрігері: «Күндіз-түні ұйқы дұрыс болмаса… Қазір жастардың ішетін тамақтары не?! Фаст-фуд бар, тәтті сусындар бар оның бәрі иммунитетті төмендетіп, қанын азайтады. Жас келіншектер бала босанғасын кейбіреулер қаламай қояды. Босанғасын екі айдан кейін көріну керек».

Айта кетейік, сұрықсыз статистика бойынша бір жылдың өзінде Қазақстанда жатыр мойны обырынан 600 әйел ажал құшқан. Оның ішінде Шымкенттегі көрсеткіш те көңіл көншітерлік емес. Жылына 120 әйелден аты жаман ауру анықталатын дәрежеге жеткен.