Иринаның үйі жаңбырлы күні үнемі су астында қалады. Адырбеков көшесінің бойынан үш арнаның суы жиналатын арық өтеді. Алайда қатты жауын-шашын кезінде бұл жүйе судың көлемін игере алмай, ағын су арықтан асып, үй мен аулаға жайылады. Ирина әкімдікке бірнеше рет жүгінген, алайда оның мәселесін түбегейлі шешетін жол табылмаған.
Ирина Шаталова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бірнеше жылдан бері біз жаңбырлы маусымда су басу мәселесінен зардап шегіп келеміз. Қалалық арық біздің аула мен үйдің ішінен өтеді, сол себепті осындай жағдайлар орын алады. Біз аудандық әкімдікке жүгініп, екі өтініш жаздық. Олар келіп, арықты тазалады, бірақ бұл мәселені шешкен жоқ».
Қала тұрғыны аудандық әкімдікке бірнеше рет жүгінгенімен, оның айтуынша, жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Су әлі де үйді басып қалады, ал жыл өткен сайын су көлемі күшейіп келеді. Ал аудандық әкімдік бұл мәселені шешу олардың құзыретіне кірмейтінін айтты.
БЕерік Жанаев, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Аталған үй жеке меншік аумақта орналасқан, ал заңға сәйкес мемлекет жеке меншік нысандарын күтіп ұстауға немесе олардың мәселелерін шешуге қаржы бөлмейді. Біз тұрғындарға науаны, яғни лотокты өз күштерімен ауыстыруды ұсынамыз, себебі бұл олардың мүддесіне сай. Біз өз тарапымыздан тек кеңес беріп, техникалық ұсыныстармен көмектесе аламыз».
Дегенмен, лотокты кезінде Ирина орнатпаған және оған ол мүлдем қажет емес. Көшеге жиналған судың дұрыс ағып өтуін қамтамасыз етуге ең алдымен жергілікті әкімдік мүдделі. Мұндай жағдайда тұрғынның адвокатқа жүгіну оңайырақ болуы мүмкін. Бұл жағдайда Ирина заңгердің көмегіне жүгініп, құқықтық мәселелерді зерттеп, қажет болған жағдайда сот арқылы жауапты тараптарды мәселені шешуге міндеттей алады.
Сонымен қатар, ол бірнеше жыл бойы туындаған қолайсыздықтар мен материалдық залал үшін өтемақы талап етуі мүмкін. Оның үстіне, бұл науа, яғни лоток Ирина үй иесі болмай тұрып, басқа біреулердің қажеттілігі үшін орнатылған.