Жолдағы қоршаулар неліктен алынып тасталған? 

19

Шымкентте екіжақты жолдарды бөліп тұратын темір қоршаулар бірнеше негізгі жолдардан алынып тасталған. Әуелде жол көлік оқиғасынан сақтануға түзілген тосқауылдар, бүгінде көшелерде камера көбейіп, қажетсіз болып қалды дейді жауаптылар.

Айтуларынша, сергектен сақтанатын жүргізушілер қазір қатты айдамайды, тиісінше қауіп те азайыпты. Сондықтан оларды алып тастап жатқан ақ жағалылар орнына жасыл желек егіп, қаланы көріктендірмек ниетте. Бірақ тұрғындар мен көлік тізгіндейтіндер енді жолды заңсыз кесіп өтетіндер көбейе ме деп алаңдаулы. Себебі тосқауыл тек жол көлік оқиғасы емес, арлы-берлі жол кесетіндердің де жолын көлегейлеп тұрған. 

Қаламыздағы тұрғындар, әсіресе көлік жүргізушілері екі жақты Темірлан тас жолын ортасынан бөліп тұрған қоршаудың алынып тасталғанына наразы. Себебі жүргіншілер тосыннан тап беріп заңсыз жол кесе ме деп қорқады. Онан бөлек күтпеген жәйттан қарсы жолға ауып кетудің де уайымын шегіп отыр.

Темірлан тас жолын Қ.Қожанов көшесінен бастап, екіге қақ айырылатын Желтоқсан мен Бейбітшілік көшелеріне дейін бөліп тұрған темір қоршау әуелде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында орнатылған еді. Оны өткен жылдың аяғында түгелімен алып тастады. Ал тұрғындардың дені мұны дұрыс жасалған амал деп санамайды.

«Алып тастағаны дұрыс емес. Оны алып тастағанда біз ойлаған едік, орнына басқасын ауыстырып қоятын шығар деп. Сөйтсек, мүлдем тастады ғой. Қазір адамдар кесіп өтіп жатыр».

«Дұрыс емес-ау алып тастағаны. Тұра бергені дұрыс еді негізі. Қазір неше түрлі жағдай болып жатады ғой енді. Көліктер бір-бірін түсінбей ары қарай өтіп кетсе, қоршау сәл де болса тосқауыл болатын еді да, арғы жақтағы машинаға зияны тимейтін».

«Жас балалар жол үсті өткелінен өтуге ерінеді. Жоғары жақтағы жаяу жүргіншілер өткеліне де бару алыс. Арасында көріп тұрсыз ба арақашықтықты. Сөйтіп, жүгіре салады жол кесіп. Мен тіпті байқадым бірнеше баланың жүгіріп өткендерін».

Шымкенттегі екі бағыттағы жолдарды бөліп тұрған темір тосқауылдар аудан әкімдіктері тарапынан алынып тасталған екен. Тұран ауданындағы Темірлан тас жолында көліктердің жылдамдығын түсіретін камералар жан-жақты қамтитындай орналасқандықтан, жүргізушілер жылдамдықты асыра бермейді. Тиісінше жол көлік оқиғасының қаупі азайған, сондықтан да темір қоршауларды алып тастауды жөн көрдік.

Жауаптылардың уәжі осылай. Сондай-ақ олар Шымкент үшінші мегаполис болғандықтан, қаланы көркейту үшін тосқауылдың орнына жасыл желек отырғызамыз дейді. Ал енді жолды ерсілі-қарсылы заңсыз кесіп өтетіндер көбеймей ме деген заңды сауал былай зерделеніпті.

Нұрдәулет Сақтаған, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы: «Жол басқармасы тарапынан әкімшілік, полиция басқармасымен бірге зерделенді осы күнге дейін. Жаяу жүргіншілер өткелдері адамдар көп шоғырланатын және де нормативтер мен стандарттарға сәйкес, барлық орындарға орнатылған, аралары жақын болып қамтылған. Мысалы Темірлан тас жолында «Авто Нұр» базары ол жерде де жаяу жүргіншілер өткелдері бар, аялдамалардың тұстарында».

Жедел басқару орталығының дерегінше, өткен жылы Шымкентте бейнебақылау камералары арқылы анықталған 70 мың әкімшілік құқықбұзушылықтың 50 мыңы жол қауіпсіздігі бойынша тіркелген.

Бибігүл Еркінбекова Шымкент қ. ПД Жедел басқару орталығының кезекші навигатор инспекторы, полиция капитаны: «Қазіргі таңда Шымкент қаласы полиция департаменті жедел басқару орталығына қарасты барлығы 13570 бейнебақылау камералары іске қосылған. Оның ішінде 3868 сергек бейнебақылау камералары болса, 5000-дай камера білім беру ұйымдарында. Ал 2400 бейнебақылау камералары үй аулаларында орналастырылған».

Ақ жағалылардың айтуынша, бүгінде  Жібек жолы көшесі Аймауытов қиылысына дейінгі және Темірлан тас жолындағы темір қоршаулар түгелімен алынған.