Жұмыс орнында 4 адам қаза тауып, 23 адам зардап шеккен

28
Фото: Отырар.кз

2024 жылы Шымкенттегі өндіріс орындарында жұмыс уақытында 4 адам қайтыс болған. Сондай-ақ, 23 адам жазатайым жағдайдан зардап шеккен. Барлығына сақтандыру компаниялары тарапынан немесе жұмыс беруші есебінен төлем төленеді. Ал егер жұмыс орнындағы төтенше оқиғадан жапа шеккендерге тиісті төлем берлімесе не істеу керек? 

Өткен жылы Шымкентте жұмыс орындарында 17 жазатайым жағдай орын алған. Салдарынан 4 адам мерт болған. Көз жұмғандар өндірістік қызметте, күзет және энергетика саласында жұмыс істеген.

Ал жұмыста жүріп төтенше оқиғалардан зардап шеккен 23 адамның алтауы әйел. Зардап шеккендердің басым бөлігі өндірістік жұмыскерлер. Оның барлығына сақтандыру компаниясы немесе жұмыс беруші табысынан айырылғаны үшін төлем жасауы тиіс. Бірақ, жауапкершіліктен жалтарғандар да жоқ емес дейді мамандар. Сөздерінше, тіпті жұмысшы өзі кінәлі болса да, оған төлем төленуі тиіс.

Серік Алиманов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Шымкент қалалық департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы: «Егер өзі кінәлі болған жағдайдың өзінде ол процентпен анықталады. Бірақ ол қанша процент болса да жұмыскерге төленеді, жұмыспен байланысты болса. Кейбір жағдайда жұмыспен байланысты болмауы мүмкін. Мысалы жұмыскер өз орнында болмаса, түскі үзілістер кезінде, жұмыскердің мүддесімен сәйкес келмейтін жұмыстар – байланыссыз болуы мүмкін».

Жұмыс беруші әрбір қызметкер үшін еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Сәйкесінше, жұмыскер де барлық ережеге сәйкес қызмет ету керек. Құқығы тапталған немесе өзге де тосын жағдаяттар кезінде, жұмыскер ең алдымен, еңбек инспекциясына хабарласуы қажет.

Серік Алиманов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Шымкент қалалық департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы: «Қызмет барысында жазатайым жағдай болған кезде 24 сағаттың ішінде жұмыс берушілер еңбек инспекциясына хабарлауға міндетті. Жеңіл жағдайларды қоспағанда, ауыр жағдайлар, топтық жазатайым жағдайлар бәріне департамент тарапынан арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізеді. Жұмыс беруші сақтандыруға міндетті, жұмыскер жұмысқа кіргеннен кейін бір айдың ішінде өмірі сақтандырылуы керек».

Айта кетейік, өмірі сақтандырылған қызметкерлерге аннуитеттік компания арқылы төлем төленеді. Ал егер азамат сақтандырылмаған болса, азаматтық кодекс талаптарына сәйкес, табысынан айырылған қызметкерлерге тиісті төлемдерді жұмыс беруші төлейді.