Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Шымкентте жоспарлы іс шаралар жалғасуда. «Достық» үйінде қазақтың ежелгі кәсібін жандандыру бағытында жүннен тұрмыстық бұйымдарды дайындау бойынша шеберлік сабағы өтті.
Шеберлік сабағын кәсіпкер Нұрбибі Омарова жүргізді. Мақтаарал ауданындағы Абай ауылында тұратын қолөнер шебері шымкенттік қыз-келіншектерге түрлі жүннен бұйымдар жасау тәсілдерін көрсетті. Жүннен текемет, алаша, кілемнен бастап бас киім мен түрлі сәнді аяқ киімдерін жасауға болады дейді шебер. Есесіне, бүгінде жүннен жасалған қазақи дүниелерге сұраныс жоғары.
Гаухар Төлепова, «Ынтымақ» этносаралық бірлестігінің төрайымы: «Жаңалықтардан Түркістанда америкалық шеберлер қазақтарға жүннен бұйымдар жасау тәсілін үйреткен. Сонда Нұрбибі қатты намыстанып «қазақтың кәсібі емес пе, ата-бабамыздан келе жатқан. Өзіміз үйреніп, басқаларға таратуымыз керек» деп шешкен. Интернетттен көріп Қарағандыдағы «Балауса» білек оқу орталығындағы алты айлық курсты бір айда бітіріп, сертификат алған. Содан бері қыз-келіншектерге оқып-тоқығанын үйретіп келеді».
Кәсібін дөңгелеткен қолөнер шеберінің Мақтаарал өңірінде цехы, ал елордада жүннен дайындалған бұйымдарын сататын дүкені де бар. Ең маңыздысы Нұрбибі кенжелеп қалған бұл кәсіпті қыз-келіншектерге тегін үйретеді.
Шынар Оразова