176 жасөспірім ұсталды…

34
фото ШПД
Шымкентте кәмелетке толмағандар профилактикасына қатысты 191 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Кәмелетке толмағандар арасындағы және кәмелетке толмағандарға қатысты орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерлерде болатын кәмелетке толмағандарды анықтау мақсатында 2025 жылғы 7-8 ақпан күндері Шымкент қаласы аумағында түнгі іс-шара ұйымдастырылды.
Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде, кәмелетке толмағандар профилактикасына қатысты 191 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Соның ішінде, түнгi сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандардың заңды өкiлінсіз кіруіне жол берген 5 ойын-сауық мекемесі, сағат 22:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болған 10 жасөспірім анықталды. Сонымен қатар, түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген 176 жасөспірім анықталды.
Ата-анасының қадағалауынсыз жүрген 7 жасөспірім Шымкент қаласының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабының талаптарына сәйкес, сағат 22:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейін заңды өкілдерінсіз кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуына тиым салынатыны бойынша және түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз кәмелетке толмағандарды кіргізбеу туралы көңіл көтеру орындарына, ойын-сауық мекемелеріне ескерте отырып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.