Салық мамандары көлік салығын төлемеген борышкерлерді іздейді. Жауаптылар құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жылдар бойы көлік салығын төлеуден жалтарған автокөлік иелерін анықтауға кірісті. Қарызгерлердің бірі тұрғылықты мекен – жайы бойынша, енді бірі тексеру кезінде жолдарда анықталды. Арнайы топтар ақпараттық бюллетеньдер таратып, борышкерлерді салық міндеттемелерін өтеуге шақырды. Жұмыстар нәтижесінде қарыздың бір бөлігі төленді.
Бұл жас жігіт бірнеше жыл бойы салық міндеттемесін елемей келген. Оның көлік салығы бойынша 2 миллион теңгеден астам қарызы болған. Мамандар құқық қорғау органдарымен бірге оның үйіне баруға шешім қабылдады. Көлік иесі барлық соманы толығымен төлеуге мәжбүр болды.
Мұндай жағдайлар көп. Кейбір автокөлік иелері объективті себептермен салық төлемейді, бірақ мемлекет алдындағы міндеттерін орындағысы келмейтіндер де жоқ емес. Салықшылар мен құқық қорғау органдарынан құрылған арнайы топ бірнеше жылдар бойы төлем жасаудан жалтарған жүргізушілерді анықтап, борышкерлерді іздеумен айналысады. Қарызгерлердің көпшілігі өтелмеген борышына қарамастан, көліктермен еркін жүруді жалғастыруда.
Серік Бейсенбиев, Тұран аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы: «Берешек сомасы бар жеке тұлғалардың жалпы саны 4686, жалпы қарыз берешек сома 229 млн теңгені құрап отыр. Бүгінгі таңда қаңтар айынан бастап, әлеуметтік желілер арқылы, БАҚ арқылы берешек сомаларды өндіру жұмыстары мақсатында нәтижесінде 745 адамнан 19 млн теңге қаңтар айына өндірілген болатын».
Тек Тұран ауданында 34 мыңнан астам көлік тіркелген. Салық салушылар 2024 жылға арналған автокөлік салығын 1 сәуірге дейін төлеу қажет екенін ескертеді. Мөлшерлеме қозғалтқыштың көлеміне байланысты, ал қарызды eGov.kz, eSalyq Azamat және екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы тексеруге болады. Өткен жылдың 30 қазанындағы статистика бойынша Қазақстанда көлік салығына берешектің жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгеден асқан.