200-ге жуық қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін

32
Фото: Отырар.кз

Шымкент кәсіпкерлері өздерін нарықтан ығыстырады деп алаңдауда. Тұрмыстық қалдықтарды шығаратын кәсіпкерлердің сөзінше, әкімдік қоқыстарды жинауды тек бір компанияға бермек. Ал оның салдарынан, 200-ге жуық қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін.

200-ге жуық қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін. Ал 10 жылдан астам нарықта жүрген мекемелер ысырылып, миллиондаған қарызға батуы ықтимал. Шымкентте қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпкерлер компанияларын нарықтан шығаруға тырысып жатыр деп шағымданды. Сөздерінше, әкімдік қомақты сомаға тендер жариялаған, бірақ ол конкурсқа бұрынғы мекемелер қатыса алмайды. Ал оларға ешкім тіпті себебін де түсіндірмепті.

Нұржан Карбозов, кәсіпкер: «8 компанияның бәрін жұмыссыз қалдырып, неге оны бір компанияғы беріп жатыр? Біз техникалардың бәрін сатуымыз керек, жұмысшылардың бәрін жұмыстан босатуымыз керек. Болды бізге жұмыс жоқ! Не үшін осы ГЧП-ға тасымалдау мен жинауды қосты? Мысалы, қазір 5,5 млрд. ақша бөлініп жатыр ғой, ол ақша не үшін бөлініп жатыр?! 200 контейнер үшін бөлініп жатыр ма? Сұрыптау  зауытын салуға бөлініп жатыр ма? Біз соны түсінбей жатырмыз».

Шығынға батамыз деп қорыққан кәсіпкерлер барлық құзырлы органдарға хат жазған. Бірақ ешқайсысы жауап бермеді деп отыр. Ал әкімдіктегілер мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында жоба бастағанын айтады. Бұл қаладағы тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауды бір жүйеге келтіру мақсатында жасалып отыр-мыс. Жауаптылардың сөзінше, 109 желісіне өткен жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығармау, қоқыс алаңшаларын дұрыс тазаламау жөнінде 7500 өтініш түскен.

Жарылқасын Машбек, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Біз қойып отырған талаптар – ең кемінде 65 арнайы қоқыс тасымалдайтын техникаларды алып келу. Одан бөлек, Алматы, Астана қалаларындағыдай 200 контейнерді орналастырамыз, одан бөлек 50 жылжымалы камераларды проблемалық нүктелерге орнату. Жобаның маңыздысы – сұрыптау зауыты қосылады. Және ол 10 жылдан кейін мемлекет меншігінде қалады».

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 10 мекеме қоқыс шығару және тасымалдаумен айналысады. 200-ден астам қоқыс алаңша, ал онда 2500 астам контейнер бар. Күтіп ұстау аудан әкімдіктеріне жүктелгендіктен, мемлекеттен шығын шығады. Жаңа жоба жүзеге асса, мемлекеттен ешқандай шығын шықпайды дейді жауаптылар.

Сонымен қатар, 2-3 компания қосылып, консорциум құрып, қазіргі өтіп жатқан конкурсқа қатысуға болады. Ал жұмыссыз қалдық деп уайым шеккендерді сол компания жұмыспен қамтуына мүмкіндік бар дейді мамандар.