346 мұғалім аттестаттау қағидасын бұзған

31
ОТЫРАР

Педагогтердің білімін бағалау кезінде аттестаттау қағидаларын бұзған 346 мұғалімнің нәтижелері жойылған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоның алқа мәжілісінде мәлімдеді. Министр бірқатар пән мұғалімдерінің әлсіз екенін ашық айтып, мәселені шешудің жолдарын ұсынды.

Оқу-ағарту министрі биология, информатика, ағылшын және қазақ тілі пәнінің мұғалімдерін сынға алды. Сөзінше, бұл педагогтердің жұмысы тым әлсіз. Ғани Бейсембаев мұндай олқылықтардың білім беру сапасына кері әсер ететінін айтты.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі: «Мақсатты мектептер» жобасы аясында биология, информатика, ағылшын және қазақ тілдері бойынша жұмыс істеп жүрген педагогтердің әлсіз жақтары анықталды. Бұл пәндік білімдегі елеулі олқылықтарды көрсетеді және педагогикалық мамандықтар бойынша даярлауды жүргізетін жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын дереу қайта қарауды талап етеді»

Сонымен қатар, министр мұғалімдер арасындағы аттестаттау қағидаларын бұзу жағдайлары туралы да айтты. Сөзінше, 346 мұғалім Кәсіби тексеруден өту кезінде дипломдар мен сертификаттарды қолдан жасаған.

Ғани Бейсембаев, Оқу-ағарту министрі: «Тағы бір айырықша назар аударатын мәселе – педагогикалық этика. Педагогтердің білімін бағалаудан өту кезінде аттестаттау қағидаларын бұзған 346 педагогтің нәтижелері жойылды»

Ал Шымкент қалалық білім басқармасындағылар педагогтердің тиісті курстардан талапқа сай өтіп жатқандарын айтты. Сөздерінше, бұл бағыттағы жұмыстар жолға қойылған, жоспарлы түрде атқарылып жатыр.

Шолпан Айтбаева, Шымкент қалалық білім басқармасы әдістемелік орталығының директоры: «Ол жерде көрсеткішті өте төмен деп айтуға келмейді. Салыстырмалы түрде айтылған мәселе бұл. Қазіргі уақытта Үкіметтің қадағалауымен, Премьер министрдің тапсырмасымен «мақсатты мектептер» жобасы жүріп жатыр. Осы «мақсатты мектептер» жобасында мұғалімдерді базалық, негізгі, ілгері деңгейде курстардан өткізіп жатырмыз»

Айта кетейік, былтыр Шымкентте 4337 педагог аттестаттауға өтініш берген. Оның ішінде қазақ тілі, ағылшын, информатика, биология пәндерінен 1187 сұраныс түскен. Нәтижесінде мұғалімдердің 87%-ы тиісті педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы біліктілік санаттарын алған.