Түркістан облысында жұмысшы мамандықтарын даярлайтын өндірістік комбинаттың жағдайы жыларман халде. Мақтаарал аудандындағы оқу орны 50 жылға жуық жөндеу көрмеген. 2 мыңға жуық бала қыстың көзі қырауда жылуға жарымай, тоңып отырып білім алуда. Өндірістік комбинатқа не себепті көңіл бөлінбей келеді?
Мақтаарал ауданындағы жұмысшы мамандықтарын дайындайтын комбинатта 2 мыңға жуық бала оқиды. Олар азынап тұрған ескі ғимаратта тігінші, автоэлектрик, көлік жүргізушісі мамандықтарын меңгеріп жатыр. Комбинат 1978 жылы ашылған. Ал ғимарат одан әріде 1958 жылы салыныпты. Қазіргі сиқы осы. Едені шұрық-тесік. Ұстаздар оның үстіне тақтай қойып, амалдап отырғандарын айтады.
Болат Селеубаев, Оқу-өндірістік комбинат директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары: «Мынау тоқтың сымдары 1958 жылдан бері жаңартылмаған. Әбден тозығы жеткен. Қазір 4 сынып бос. Жылуы жоқ. Бір жерін жамасақ, бір жері кетеді. Әлек болумен шаршап жатырмыз«.
Мұқанбай Сейдуалы, оқушы: «Сыныпта біз көп отыра алмаймыз. Үстіңе сырт киім киіп қана отыруыңа болады. Ғимаратта әжетхана, ыстық су жоқ. Сол жағынан да қиналамыз«.
Ғимаратта жиһаз жаңартылмаған, материалдық-техникалық база тіптен жоқ. Мұғалімдер өткен ғасырдан қалған оқу құралдарымен білім үйретуге мәжбүр.
Гүлбу Қубатбекова, Оқу-өндірістік комбинатының директоры: «47 жылдан бері тек қана мұғалімдердің күшімен жөндеу істеледі. 11-сыныптың оқушылары дәл осы кішкентай ғана орындықтарда отырады. Жиһаз деген мүлдем бізге келмейді. Біз мектептерден сұрап аламыз. Баяғы ескі компьютерлермен отырмыз. Ол бірде істесе, бірде істемейді«.
Оқу орнының көлік жүргізу алаңын, көліктер тұратын орнын 4 жыл бұрын аудан әкімдігі өз мұқтаждығына алыпты. Содан бері комбинаттың оқытуға арналған көліктері қызметкерлердің үйінде қаңтарылып тұрған көрінеді. Жаңадан жер береміз деген әкімдік уәдесі де орындалмапты.
Молдабек Ағатаев, шебер: «Артында көлік жүргізіп үйренетін алаң бар еді. Сол жерді өздері тұрақ қылып алды. Не көшеге айдата алмаймыз. Себебі көлік полициясы 4-5 мәрте ұстап алды«.
Өндірістік комбинаттың өзекті мәселесін аудандық білім бөлімінің басшысы жете білмейтінін жасырмады. Өйткені ешқашан барып көрмепті. Десе де биыл жұмысшы мамандықтар жылы екенін ескере отырып, ескі ғимаратты жөндеуге қаржы бөлетін ниет бар дейді.
Асанхан Қошқаров, Мақтаарал аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы: «Біз білім басқармасына осы мәселеге қаржы қарау бойынша ұсыныс айттық. Егер білім басқармасынан қолдау тапса, биыл күрделі жөндеуге енеді. Сол кезде мәселенің бәрі шешіледі. Техникалық базасына да қарайтын боламыз«.
Көлік жүргізушілерін үйрету үшін арнайы учаске бөлінбек. Әзірге жер қайдан берілетіні және құрылысқа қанша қаражат жұмсалатыны белгісіз. Айта кетейік, жыл сайын өндірістік комбинатты бітіріп шыққан студенттердің 30 пайызы ғана жұмысқа орналасып, тағы осыншасы білімін жоғары оқу орындарында жалғастырады.