Шымкент қаласы бүкіл өңірлердің арасында білім сапасы бойынша 20 орынның соңғысында тұрақтап тұр. Қаладағы 160 мектептің 52-сі аттестациядан өте алмаған. Ал тест сынақтарын тапсыра алмаған мұғалімдер қатарында 20-25 жылдық өтілі бар ұстаздар да бар. Бұл мәліметті қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы брифинг барысында мәлімдеді.
Шымкент қаласында білім саласындағы өзекті мәселелер қоғамда жиі көтеріліп, кей тұста қатаң сынға ұшырап жатады. Оған себеп те жоқ емес. Саладағы орасан олқылықтардың бірқатарын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз брифингі барысында ашып айтты. Білім, спорт, мәдениет бағытында жетекшілік ететін ол, саладағы кейбір көрсеткіштер тіптен төмен дейді.
Сәрсен Абайұлы білім сапасына, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мақсатты мектептер мәселесі төңірегінде бар кемшіліктерді тізіп, дәлелденген фактілерді келтірді. Мәселен, жалпы 160 мектептің 52 -сінің аттестациядан өтпе алмауы тіптен ұятты көрсеткіш дейді, бас идеолог. Сондықтан жалпы білім саласында жылдар бойы қордаланған мәселелердің түйіткілін шешу мақсатында ақпанда 40 мектеп директорының қатысуымен жиналыс өткен. Қорытындысы бойынша 8 мектеп басшысына шара да көріліпті.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жалпы біздің басшылыққа келгеді бері бар жоғы 4 мектептің ғана директоры жұмыстан кетті. №106 мектеп, 43,33 бірде біру қудаланған жоқ. № 33 мектепке қатысты өздеріңіз білесіздер ата-аналар шулап, мектеп апатты емес екендігі тәуелсіз сараптаманың қорытыныдысы анықтады. Осыдан кейін директорға шара көру керек пе жоқ па? Шара көрілетін кезде директор өз еркімен жұмыстан босап кетті».
Қала әкімі орынбасарының пайымдауынша, Қайнар-бұлақтағы №106, 12 шағынауданындағы №43 мектептердің басшылары, ұжымдағы келіспеушіліктер, яғни ара қатынастың дұрыс болмауы себебінен өз еркімен жұмыстан босаған. Арнайы жиында спикер білім ошақтарындағы баспасөзге жаздыру мәселесіне де тоқталды.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бізде газеттер шығаратын кейбір кісілер жазылдырып беріңдер дейді. «Егемен Қазақстан» газетіне де жаздырмаймыз. 15-20 мың адамды күштеп күштеп жаздырыңдар дегенде. Бұны орындамаған кім жаман білім басшысы, қала әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасары жаман. Әйтпесе бас жарып, көз шығарған ешқандай біздің іс-әрекетіміз болған жоқ, ешкімді қудалауға салғанымыз жоқ».
Сәрсен Құранбек осыған ұқсас сәлемдеме кәсіподақ ұйымынан да келгенін жасырмады.
Қалалық білім басқармасының мәліметіне жүгінсек, шаһардағы мектептерде 37 мың мұғалім жұмыс істейді. Жауаптылар білім саласындағы түйткілдерді шешу мақсатында тиісті шаралар қолға алынып, жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Шынар Оразова