40-қа жуық оқушы қыз ата-ана қарауынсыз белгісіз жекеменшік мекемеде жатып тәлім алып келген. Шымкенттегі мұндай жағдайды Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура әшкереледі. Кооператив қоры әке-шешесі бар 28 отбасының қызын өз қамқорлығына алған. Ал ата-аналар қарсылық танытуға шарасыз болған дейді жауаптылар.
Оқушылардың алды мекемеде 3 жыл, ал кейін келгені 3 ай тұрған. Мамандардың айтуынша, қор балалар мен жасөсіпірмдерге тәлім-тәрбие беру құқына ие емес. Қазір арнайы комиссия құрылып, қайырымдылық қордың нақты немен айналысқаны тексеріліп жатыр.
Нұрдәулет Абылаев, Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы:
«Мекеме басшылығы бұл мәселені білген. Анықталғаннан кейін бірінші басшысы, директордан бастап қатаң жауапкершілікпен қарадық. Одан кейін мәліметтерді жасыру фактісі бойынша тәрбие, оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекші — бәрінің жауапкершілігі қаралды«.
Заңсыздық анықталған соң, қайырымдылық қорын паналаған 33 қыз Шымкенттегі уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығына ауыстырылды. Оқушылардың барлығы дерлік №24 мектепте білім алып келген. Мектеп басшылығы мен ұстаздар оқушылардың өз үйінде тәрбие алмайтынын білген, алайда ешкім тиісті орындарға хабарламапты. Енді балаларды қамқорсыз қалдырған ата-аналар мен ұстаздардың жауапкершілігі қаралады.