Депутат ақыл-есі кем баланың ата-анасына өмір бойы жәрдемақы беруді ұсынды

21
фото kz.otyrar.kz

Мәжіліс депутаты ақыл есі кем баланың ата-анасына өмір бойы жәрдемақы беруді ұсынды. Психикалық ауытқуы бар баланы назардан тыс қалдырмау керегін айтқан депутат Астана қаласында лифтіде болған жағдайды мысалға келтірді. Ол мүгедектігі бар адамдардың күтушілеріне де жағдай жасау қажеттігін айтты.

Ақыл есі кем баланың ата-анасына өмірбойына жәрдемақы берілуі керек. Мәжіліс депутаты осындай ұсыныс айтты. Таңсәуле Серіков сауалын Тамара Дүйсеноваға жолдады. Сөзінше, психикалық ауытқуы бар баланы назардан тыс қалдыруға болмайды. Сәйкесінше ата-ана тұрақты жұмыс істей алмайды.

Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Кемтарлық ұлт пен ұлысты, қоғамды таңдамайды, бай-кедей деп бөлмейді. Сондықтан мемлекет те, қоғам да мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайларын жасауға, солардың жоғын жоқтап, мұңын мұқтауға міндетті. Әйтпесе адамдығымыз қайда? Ақыл есі кем бала 18-ге дейін де, кейін де бала. 18 жасқа дейнгі балаға да, қамқоршысына да жәрдемақы төленеді. Одан кейін ол 18-ден асқан соң қараушысына мемлекеттен жәрдемақы жоқ. Туғаннан ақыл-есінде ауытқуы бар балалардың 95 пайызы 2-топтағы мүгедектері. Психикалық ауытқуы болса, оған психотроптық дәрі-дәрмегі, күнделікті қажетті памперс, ас-суын алуға да бөлінген жәрдемақысы жеткіліксіз».

Депутат бірнеше күн бұрын Астана қаласында болған жағдайды мысалға келтірді. Ол тек ақыл-есі кем балаларға ғана емес, олардың күтушілеріне де жағдай жасау қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, мәжілісмен мүмкіндігі шектеулі балалардың күтушілері инватаксимен қамтамасыз етілуі керегін айтты.

Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Ақыл есі кем, оның ішінде аутизм, олигофрен, дауна синдромы сияқты мүгедектер қаншама?! Сондықтан мүмкіндігінше оларды 1-топқа өткізу керек немесе ақыл-есі ауытқуы бар 2,3-топтағы мүгедектерінің қамқоршысына жәрдемақы мен инватакси қамтамасыз ету керек».

Мәселені тереңінен талдаған депутат ақыл-есі кем боп туылған балаларға әдейі бірінші топтағы мүгедектікті бермей отырған безбүйректердің барын да алға тартты.

Мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған ата-аналардың жәрдемақысы туралы бұған дейін де айтылған еді. Премьер-министр Олжас Бектенов ата-ананың мүгедек баланы 18 жасқа дейін бағып-күткен уақыты еңбек өтілі боп есептелетінін айтты. Әкесіне немесе анасына ай сайын 74 мың теңге жәрдемақы төленеді. Бұл баланың мүгедектігіне берілетін қаражаттан бөлек.

Ал 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қарайтын адам ресми түрде «жеке көмекші» ретінде жұмысқа қабылданады. Ол ай сайын 129 мыңға жуық жалақы алады. Тиісті жарналар, соның ішінде міндетті зейнетақы үлесі аударылады.