Дренаждар істен шығып, шаруалар зардап шегіп отыр

фото МАӘБҚ

Мақтаарал ауданында жерасты сулары көтеріліп, егісті бастауға кедергі болып тұр. Тұрғындар кей жерлер сортаңданып, эрозияға ұшырай бастаған деп алаңдап отыр. Салдарынан көптеген егістік алқап жарамай қалған. Өйткені өңірде соңғы 20 жылдың көлемінде тік дренаждардың басым көпшілігі істен шыққан.

Мақтаарал ауданындағы Нұрлыбаев, Жаңажол, Қарақай ауылдық округтеріндегі 57 тік дренаждың басым бөлігі істен шығып, жерасты сулары көтеріліп кеткен. Шаруалар зардабы орасан деп отыр.

Қалмұрат Салманов, Арайлы ауылының тұрғыны: «Тұз, сор жерге еш өнім шықпайды. Мақтаның бойы бұрынғыдай 90 сантиметрге көтерілмейді. 45 сантиметрден аспайды. Есігіміздің алдындағы бақшамызға ештеңе егуден қалдық. Егістік жерімізге күріштен басқа ештеңе шықпайды«.

Оразгелді Асаубаев, шаруа: «Сорланып кетті жердің бәрі. Қазір жерасты деңгейіндегі су бір күрек қазсаң көрінеді, көтеріліп тұр. Дренаж қосылмайды. Жазбаған жеріміз қалмады. Бірақ келіп, тексеріп жатқан ешкім жоқ. 57 дренажға қалпына келтіреміз деп 264 млн теңгені бөлдірдік деді, факт бойынша бөлінген ақша қайда кетті«.

Аудандағы 218 тік дренаждың 187-сі «Қазсушар» мекемесінің қарамағына өткен. Оның жөндеу жұмыстарына да миллиондаған қаражат бөлініпті. Алайда диқандар жауаптылар тек жалған есеп берумен шектеліп отыр дейді. Енді алқаптарға сор шаю кезінде су сіңбей, егістікті кеш бастауға мәжбүр.

Қайрат Айнабеков, Ынталы елдімекенінің тұрғыны: «Тік дренаждар істеп тұрған кезде 70-80 см су сіңген. Қазір 100 процент суды қайтып сбросқа тастаймыз. Одан кейін көктемде кеш егеміз. Қандай дақыл ексең де, өнімін аз аласың«.

Ал «Қазсушар» мекемесінің мамандары болса үш ауылдық округтегі дренаждар мемлекет меншігіне өтпеген соң жөнделмей қалды дейді.

Әлі Мырзабеков, «Қазсушар» мекемесі Мақтаарал өндірістік бөлімшесі басшысының орынбасары: «57-нің ішінде 20-сы істейді. 20 данасы істейді. 10 данасын біз қалпына келтіріп қойдық. Оның насостары қалды. Ендігі айдың ішінде насос келеді оған. Үлгергенімізше 27-сінің барлық жұмысын істейміз. Үлгермегенімізді ендігі жылы толық бітіреміз«.

Маманның жауабы шаруалардың көңілінен шықпады. Тұрғындар қондырғыларды жөндеуге бөлінген қажының мақсатты жұмсалуын талап етуде. Егер мәселе шешілмесе, прокуратураға шағымданбақ.