Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация Түркия Республикасының Мерсин провинциясына жұмыс сапары барысында Қазақстан-Түркия инвестициялық форумына қатысып, әлеуетті түрік компанияларымен B2G форматында кездесулер өткізді.
Жамбыл облысы мен Мерсин провинциясының мемлекеттік органдары, бизнес өкілдеріне форум іскерлік байланыстарды нығайту, сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерді жан-жақты талқылау үшін аса маңызды алаң болды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мұндай іс-шаралар түрік компанияларының Жамбыл облысындағы өндіріс ауқымын кеңейтуге деген қызығушылықтарын арттыра түсетінін атап өтті.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Жамбыл облысының жоғары инвестициялық әлеуеті мен артықшылықтарына тоқталып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында маңызды инвестициялық жобаларды қолдау шаралары туралы баяндады. Сондай-ақ, өңірдің қолайлы климаттық жағдайын, логистикалық тұрғыдан тиімді географиялық орналасуын, табиғи ресурстардың, оның ішінде металлургия, химия және құрылыс салаларын дамыту үшін мол қорының бар екенін жеткізді.