Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1),3),5) тармақтарымен (аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды, заңсыз өткізу мақсатында адамдар тобының алдын — ала сөз байласуымен және электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, өткізу) айыпталған Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Ж. 2023 жылдың мамыр айында «Telegram» әлеуметтік желісі арқылы аты-жөні анықталмаған тұлғалармен алдын-ала сөз байласып, есірткі, психотропты заттарды, сол тектестерді заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау және оларды өткізуге келісіп, олардың жолдаған нұсқауы және көрсетуі бойынша, Шымкент қаласының аумағынан есірткі, психотропты заттарды тауып алып, жалға алған пәтеріне алып келіп, оларды өлшеп, әр түрлі мөлшерде грамдап бөліп, полиэтилен қапшықтарға орап, өткізу мақсатында жеке-жеке қапшықтарда басқа орындарға жасыру үшін сақтаған.
Содан, Шымкент қаласы, «Қызыл-жар» ықшам ауданы аумағында тасымалдап кетіп бара жатқанында полиция қызметкерлері құрықтаған. Жалға алған пәтерін тінту барысында, аса ірі мөлшерде психотропты заттар — мефедрон, а-пирролидиновалеро-фенон, МДМА, MDMB-4-en-PINACA жалпы салмағы – 602,056 грамм, есірткі құралдары — гашиш және кептірілген марихуана жалпы салмағы – 6,81 грамм, ал жасырған жерлерінен психотропты заттар мефедрон және а-пирролидиновалерофенон, жалпы салмағы- 50,49 грамм айғақ зат ретінде тәркіленген.
Сотталушы Ж.-ның кінәсін мойындап берген жауаптарымен, тінту хаттамаларымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және өзге де құжаттармен дәлелденеді.
Прокурор Ж.-ға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Сотталушы жасаған қылмыстық әрекетіне өкініп, ең төменгі жазаны тағайындауды сұраған.
Сот, сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотты болмағанын, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот, Ж.-ны ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1),3),5) тармақтарымен кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген.