«Фараб» кітапханасының бесінші жылжымалы пункті ашылды

фото ТҚӘБҚ
 Халықаралық кітап сыйлау күніне орай Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығында «Фараб» кітапханасының бесінші жылжымалы пункті ашылды.
Бұл жаңа кітапхана бөлімшесінің ашылу салтанатына Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Түркістан қалалық ардагерлер алқасының мүшесі, көпбалалы ана Рыс Ташметова, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының көмекшісі Шірікбаев Бектас қатысып, салтанатты түрде лентасын қиды.
Шара барысында қалалық мәслихат депутаты Жәмила Сүлейменова, «Нысана» әзіл-сықақ театрының актерлары Дәнекер Оразбаев пен Абай Аязбаев, сондай-ақ Түркістан қалалық жоғары медицина колледжінің студенттері жаңа кітапхана пунктіне құнды кітаптар сыйға тартты. Бұл игі бастама жастардың білімін жетілдіруге, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және қоғамда кітапхана мәдениетін дамытуға бағытталған.
– Кітап – білім мен мәдениеттің сарқылмас қайнар көзі, ал оны көпшілікке қолжетімді ету – ұлттың рухани дамуына қосылған зор үлес. Адамның ой-өрісін кеңейтетін, дүниетанымын тереңдететін теңдессіз қазына. Сондықтан, «Фараб» кітапханасының бұл бастамасы – қоғам игілігі үшін жасалған маңызды қадам. Кітапхана тек оқу орны ғана емес, жаңа идеялар мен тың бастамалар тоғысатын мәдени орталыққа айналады деп сенеміз, – дейді ұйымдастырушылар.
Жаңа кітапхана пунктінде оқырмандарға 1000-нан астам кітап ұсынылып отыр. Бұл қала тұрғындары мен жастар үшін қолайлы білім ортасына айналып, олардың ізденісіне, шығармашылық дамуына серпін бермек.