Шымкентте «Халық заңгері» акциясы өтті. Іс-шара аясында мегаполис тұрғындары заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін кеңес алды
Әли Ибрагим осыдан жеті жыл бұрын қызмет барысында жарақат алған. Күзетші болып еңбек еткен азамат «жұмыста басым жарылған» дейді. Алайда, бұл жайт бойынша айыптылар жауапқа тартылмады, керісінше өзім кінәлі болдым деп ашынып отыр. 56 жастағы тұрғын бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселесін арқалап, бүгін «Халық заңгері» акциясына келді.
Әли Ибрагим, Шымкент қаласының тұрғыны: «Күзетші болып жұмыс істеп жүріп жарақат алдым. Басым жарылған. Еңбек инспекторлары істі қараған еді. Бірақ өзімді кінәлі қылып шығарды. Прокурорға жолықтым қазір. Қарап береміз деді. Бұл мәселені қайта-қайта көтеріп жүрмін. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдерге де барғанмын. Президентке де жаздым. Пайдасыз болып жатыр ғой бәрі»
Ал, Әли Ибрагимнің арызын тыңдаған Прокуратура өкілдері мәселе зерттеуді талап етеді дейді. Тиісті жұмыстардан кейін азаматтың сұрағына жауап беріледі екен.
Дәулет Айтмұрзаев, Тұран ауданы Прокурорының орынбасары:
«Азаматтың арызы бойынша ол 2019 жылы дене жарақатын алған екен. Дене жарақатын не себептен алғанын өзі білмейді ол азаматтың. «6-7 жыл өтті. Қылмыстық іс қозғалмаған. Қысқартылған», — деген уәждері бар. Қазір соны қарап жатырмыз. Біз ол кісіге заң аясында түсіндірме бердік. Ертең бізге келіп арыз жазып, сол арыздың аясында алдын іс қозғалған ба, қозғалмаған ба зерделеп, жауабын береміз»
Осылайша бүгін іс- шараға келген 70-ге жуық азамат еліміздің құқықтық сала өкілдерінен тегін кеңес алды. Акцияда 5 аудан әкімдігі мен 17 басқарманың мамандары тұрғындарға заң көмегін көрсетті.