Шымкенттік полицейлер халықаралық алаяқтар желісінің жолын кесті. Жыл басынан бері бірнеше елді қамтыған ірі қылмыстық схема ашылды. Жақында Ереванда қазақстандықтардан және Еуропа тұрғындарынан ақша ұрлаған алаяқтар тобы ұсталды. Ал Шымкентте 69 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болды. Ол 46 миллион теңгесінен айырылды. Сонымен қылмыскерлер қалай жұмыс істейді?
Бұл ер кісі адамдарды қармағына алдап түсіріп, ақшасын алумен айналысқан. Ол егде жастағы әйелге өзін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырып, оның SIM картасының мерзімі аяқталатынын айтқан. Содан кейін ол әйелге қайта хабарласып, белгісіз біреулер «жүйені бұзу» арқылы, зейнеткердің ақшасын иемденбек болғанын жеткізген. Олардың алдын алу үшін әйелді шоттағы барлық ақшасын шешіп алуға көндірген. Осылайша алданған әйел 46 миллион теңгесін сақтап қаламын деп, ақшаны алаяқтарға өзі шешіп берген.
Шыңғыс Жайлаубек, Шымкент қаласы ПД «Киберпол» бастығының орынбасары: «Жалған полиция қызметкерлері хабарласып, аталған азаматшаның есепшотына «алаяқтар шабуыл жасап жатыр» деп алдап, жәбірленушінің атындағы, яғни депозитіндегі 30 млн теңге және 35 мың долларды алып, белгісіз тұлғаларға бергені анықталды. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында 3 тұлға, Шымкент қаласының тұрғындары анықталып, құрықталып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде».
Ал Ереванда ірі халықаралық байланыс орталығының көзі жойылды. Онда алаяқтар Қазақстан мен Еуропа тұрғындарына қоңырау шалып, алдап, ақшасын алып отырған. Алаяқтар жәбірленушіден телефонға келген кодты айтуын сұрайды. Енді мұндай алаяқтық әрекеттерінің жолын кесу үшін қазақстандық тергеушілер армян әріптестерімен бірге жұмыс істейді.
Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы: «Олар қазақстандықтарға қоңырау шалып, ірі инвестициялық компанияларға ақша салуды ұсынған. Тінту шаралары барысында 70-тен астам компьютерлік техника, шамамен 1кг алтын, 5 автокөлік, 30 мың АҚШ доллары, Ресей рубльдері, Грузин лариы, криптоваолюта әмияны тәркіленді».
Арнайы операцияның нәтижесінде 41 адам ұсталды. Олардың арасында Армения, Грузия, Иран, Сирия және Ливан азаматтары бар. Тергеу жалғасуда, құқық қорғау органдары қылмыстық схемаға тағы кімдердің қатысы бар екенін анықтап жатыр.