Шымкентте кәсіптік және арнаулы колледжерде жүргізіліп жатқан дуальды оқыту жүйесін дамытуға қатысты кәсіпорын иелері бірқатар ұсыныстарын айтты. Әуелде жұмысшы мамандықтарына теория мен практиканы қатар үйрету мақсатында енгізілген бағдарлама, тиісті деңгейде жүріп жатқан жоқ екен.
Кәсіпкерлердің сөзінше, студенттер практикаға келмейді, келген күннің өзінде білуге, тануға ынталы емес. Сондықтан оқыту жүйесін бақылауды күшейтуді және бағдарламаны қаржылай қолдау арқылы қолжетімді ету ұсынылды.
Кәсіпкер Мұрат Жұматаев қаламыздағы бітіруші колледж түлектерінің мамандық бойынша жұмыс жасауға құлықсыз екендерін айтады. Оның сөзінше жас мамандар саланы игеріп болмай тұрып, жоғары жалақы сұрайды. Одан бөлек, азаматтың кәсіпорына іс-тәжірибеге келетін орта білім беру орнының студенттері практика өтуден бас тартып, есебіне қол қойып берулерін сұранады екен.
Сондықтан да шаһардағы 24 колледжде жүргізіліп жатқан дуальды оқыту жүйесін дамытуға кәсіпкерлер палатасы бірнеше ұсыныстар жасап отыр. Атап айтсақ, техникалық және кәсіптік колледж бітірушілерінің жалақасын ұлғайту үшін жұмыс орындарын субсидиялау керек дейді. Сонда жас мамандар жұмысқа көптеп тартылады деген сенім бар.
Кейін техникалық және арнаулы білім беру ұйымдарының оқу бағдарламасын жасауға бизнес өкілдерін де қатыстыру қажет деп санайды. Себебі ертеңгі жұмыс берушілер нарыққа қажетті сапалы мамандарды даярлаудың қыр-сырын бөлісіп, нәтижелі оқу бағдарламасын құруға үлес қоса алады екен. Сонымен қатар, қалалық кәсіпкерлер палатасы дуалды оқыту бағдарламарына қаржылай қолдау жасауды сұрап, басқа да ұсыныстарын жіпке тізді.
Сәбира Адамбекова, Кәсіпкерлер палатасының директоры: «Колледж базасында білім құру және қызметкерлер санын көбейту. Бұның мақсаты студенттерді бақылау. Енді баршамыз білеміз ғой, өндіріске практикаға студенттер шығады. Оны бақылап жатқан адам бар ма, жоқ па?».
Кәсіпкерлердің бұл ұсыныстарына қала әкімінің орынбасары орынды деп баға берді. Талап-тілектерді толық қолдаймыз дегенімен, оның ескеріліп, іске асуына колледж басшылықтарының да үлесі бар екенін айтты. Себебі кәсіптік және арнаулы 40 колледждің 12-сі мемлекеттік қалғаны жекеменшік. Ал жекенің басқаруындағы орта білім беру орындарын дуальды оқыту жүйесіне тарту, талаппен жүрмейді. Тек шақыртуға өз еріктерімен ғана келе алады.
Дегенмен бүгінде 25 колледж бен 178 кәсіпорын арасында айтулы оқыту бағдарламасымен келісімшарт түзілген. Бас-аяғы 8500 студент, яғни аталған оқу орындарының 30 пайыз студенттері теориялық және практикалық білім алуға жазылған. Жалпы ол көрсеткішті келер жылғы оқу маусымында 42 пайызға арттыру көзделіп отыр.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе, өте өзекті екенін және өзінің эффектісін тиімділігін көрсететін мен сіздерге айтқым келеді. Осы мәселені үнемі басты назарда ұстап, шынымен колледж бітірушілердің деңгейі әрі жоғары болады».
Сәрсен Құранбек қаладағы колледж түлектерінің 81 пайызы оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасқан деген мәлімет бар екенін айтты. Бірақ осы орайда ол, бұған дейін колледждерде тек жұмысқа тұрды деген анықтамамен бекітіліп, көрсеткіш солай шығарылып келген болса, биылдан бастап зейнетақы аударымдары тексерілетінін хабарлады. Және айта кететін жәйт, Шымкенттегі 12 мемлекеттік кәсіптік колледжерде шағын өндіріс ошақтары болғанымен, ол ресми табыс табуға іске асырылып жатқан жоқ. Себебі тиым бар екен. Алайда оны келешекте бизнес ретінде кәдеге жарату қолға алынатыны да айтылды.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Шағын кәсіпорындарды колледждің негізінде жүзеге асырамыз ба деп отырмыз. Бұны жоғары жақта қолдайды. Сондай ақ 53 студент бизнестің есебінде оқиды. Қатарын көбейту керек».
Айта кетейін, шаһардағы 40 кәсіптік және арнаулы білім беру орындарында 50 мыңға тарта студент білім алады. Оның 11500-і мемлекеттік грантта оқиды.
Әділет Әнуар