Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері өміріне қауіпті бірнеше созылмалы ауруы бар 60 жастағы қарияны аман алып қалды. «Қан тамырлары және интервенциялық хирургия» бөлімінің білікті дәрігерлер құрамы қант диабеті салдарынан аяғының жарасы асқынып, тамыры бітелген науқасқа МӘМС есебінен күрделі ота жасаған.
Бірақ, инфаркт алған және қант диабеті мен бүйрек жетіспеушілігі сынды күрделі аурулары асқынған науқас үшін кез келген медициналық көмек өте қауіпті болуы мүмкін. Белгілі дәрігер-ангиохирург Ерлан Аширбаев тәуекелге барып, отаны сәтті жасап шықты. Науқастың аяғындағы бітелген жалғыз тамыры кеңейтіліп, стент орнатылды.
-Өйтпеске, амал жоқ. Себебі ота жасамаған жағдайда аяқ ампутациясын жасауға тура келеді. Эндоваскуларлы баллонды ангиопластика әдісі арқылы жасалған тіліксіз операция қан ағымын жақсартып, жараның тез жазылуына ықпал етеді. Сәйкесінше қант диабетімен ауыратын науқастардың өмір сапасын жақсартады,-дейді дәрігер-ангиохирург Ерлан Аширбаев.
Ерлан Аширбаев бастаған білікті дәрігерлер құрамы атеросклероз, көктамыры жарылған немесе қолқа тамырының кеңеюі сынды қан тамырлары зақымдалған күрделі жағдайларда лазерлік және ашық ота түрлерін жасайды. Ақ желеңділер бөлімше ашылғалы 1 жыл ішінде талай жанның өміріне араша болған.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша медициналық ұйымдарда былтыр 1500-ға жуық жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген.