МӘМС жүйесіне шағым көп

5

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты шағымдар азаймай тұр. Науқастар жолдама беруден бас тарту, дәрігерлер мен клиникаларды таңдаудағы шектеулерге наразылық білдіріп жатыр. Бұл мәселелер Үкімет отырысында да талқыланып, депутаттар МӘМС жүйесін қатаң сынға алды.

Екі жыл бұрын Жомарт Жүнісбековтың офтальмологиялық клиникасы МӘМС жүйесі бойынша пациенттерді қабылдай бастады. Алайда дәрігердің айтуынша, көптеген науқас медициналық көмекті ақылы түрде алуға мәжбүр. Бұған емханалардың жолдама беруден бас тартуы себеп болып отырған көрінеді. Себебі емханада өз офтальмолог дәрігері болса немесе клиника серіктестер тізіміне кірмесе, науқастарға жолдама берілмейді екен.

Жомарт Жүнісбеков, офтальмолог-дәрігер: «МӘМС жүйесі жалпы жақсы, бірақ оны жиі өз пайдасына бұрып пайдаланады. Науқастың дәрігерді таңдау құқығы бар, алайда кейбір мемлекеттік мекемелер бұған тосқауыл қойып, өздерінде қажетті мамандар бар екенін айтады. Алайда, олардың барлығында бірдей қажетті жабдық бола бермейді»

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры сақтандырылған азаматтардың клиника мен дәрігерді таңдау құқығы бар екенін еске салады. Егер клиниканың қормен келісімшарты болса, жүйе кез келген қалада медициналық көмек алуға мүмкіндік береді, Алайда барлық медициналық мекеме бұл талаптарды толық орындай бермейтін көрінеді. Мәселен, былтыр көрсетілетін медициналық қызмет сапасына шамамен 1 500 шағым түскен.

Арапкүл Ізбасарова, «МӘМС қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиал директорының орынбасары: «Басқа клиникаға жолдама берген кезде емхана науқастың қалауын ескеруге міндетті – бұл заңда бекітілген. Біздің дерекқорда шамамен 500 медициналық ұйым тіркелген, оның 164-і биыл Қормен келісімшарт жасасты. Бұның 34-і мемлекеттік мекеме. Ал, қызмет көрсетушілер туралы барлық ақпарат ашық қолжетімді»

Депутаттар бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануы, қызмет көрсету сапасының төмендігі және жаппай тіркеулер үшін жүйені сынға алды. Мәжіліссмен Нартай Сарсенғалиeв МӘМС жүйесінен толықтай бас тартуды ұсынды. Алайда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жүйенің тек жетілдіруді қажет ететінін айтты.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Ең жоғары айлық жарна — 17 мың теңге, ең төменгісі — 4 250 теңге. Ал стационарлық көмектің орташа құны 270 мың теңге, жоғары технологиялық қызметтің бағасы шамамен 3 миллион теңгені құрайды. Егер науқасқа амбулаторлық ем қажет болса, оның жылдық құны ең аз дегенде 75 мың теңге болады. Сондықтан жүйе жалпы алғанда тиімді, бірақ жетілдіруді қажет етеді»

Шымкентте 923 467 адам сақтандырылған. Бұл қала тұрғындарының 78 пайыздан астамы. Алайда, көптеген адам әлі күнге дейін МӘМС жүйесіндегі өз құқықтарын білмейді. Айта кетейік, егер науқасқа жолдама беруден бас тартылса, клиникаларды таңдау шектелсе немесе ол жалған қызмет алушылар тізіміне енгізілсе, науқас Қордың веб-сайтына немесе 1414 нөміріне шағымдана алады. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, медициналық мекемелер айыппұл төлеуге міндетті.