Министр сынның астында қалды

фото ОКҚ

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сынның астында қалды. Оның көрші елдердегі Қосымша Құн Салығы жөніндегі мәлімдемелері шындыққа сәйкес келмейтін болып шықты. Журналистер шенеуніктің үш бірдей қателік жібергенін анықтаған. Ал жағдайды реттеуге оның кеңесшісі араласуға мәжбүр болды. Сарапшылардың айтуынша, ҚҚС-ның көтерілуі мен шектердің төмендеуі шағын және орта бизнеске ауыр тиіп, ел экономикасын дағдарысқа әкелуі мүмкін. 

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ыңғайсыз жағдайға тап болғандай. Оның Қосымша Құн Салығы туралы айтқандары шындыққа жанаспайтын болып шықты. Шенеунік жуырда ғана тағайындалып, қоғамда дау тудырған салық реформасын белсенді қолдап, «Казахстанская правда» газетіне сұхбат берген еді. Дегенмен Exclusive басылымының журналистері оның шетелдегі Қосымша Құн Салығының шектік көрсеткіші туралы деректерді дұрыс келтірмегенін анықтаған.

Серік Жұманғарин, ҚР Экономика министрі: «Тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендету ұсынылып отыр. Бұл жағдайда жылдық табысы 15 миллион теңгеге дейінгі кәсіпкерлердің 80%-ы микробизнес пен шағын бизнес санатына жатқызылады. Салыстырар болсақ, Ресейде бұл шек – 10 миллион теңге, Өзбекстанда – 30 миллион, ал Қырғызстанда да шамамен 30 миллион теңгені құрайды».

Министрдің бұл мысалдары тіптен дұрыс емес болып шықты. Басылым журналистерінің сөзінше Ресейде бұл шек 2 миллион рубль. Яғни шамамен 11 миллион теңгені құрайды. Және бір жылға емес, үш айға есептеледі. Ал Өзбекстанда бұл көрсеткіш 30 емес, 39 миллион теңгеге жуық болса, Қырғызстанда 45 миллион теңгеден асады екен. Ең қызығы, бұл министрдің Қосымша Құн Салығы мөлшерін арттыру қажеттілігін түсіндіру барысындағы алғаш рет жаңылысуы емес.

Әлия Рахымова, Ұлттық экономика министрінің баспасөз хатшысы: «Көрші елдердегі Қосымша Құн Салығының шектері туралы сөз болғанда, ең алдымен Ресейге қатысты деректер айтылды. Онда шек шамамен 10 миллион теңгені құрайды, бұл көрсеткіш валюта бағамына байланысты өзгеруі мүмкін. Ал 30,1 миллион теңге – бұл Беларусьтегі шек, бірақ мен оны байқамай, Өзбекстанға қатысты деп көрсетіп қойдым. Шын мәнінде, Өзбекстанда ҚҚС бойынша тіркеу шегі 39 миллион теңге, ал Қырғызстанда – 46,9 миллион теңге. Сондай-ақ, көрші елдердегі бұл шектер бюджет-салық реформасы аясында жүргізілген есептеулерге ешқандай әсер етпейтінін атап өткім келеді».

Сарапшылар салық реформасы талқыланғанда елдегі табыс айырмашылығы жиі елеусіз қалатынын айтады. Президенттің сөзінше, елдегі ішкі жалпы өнімнің жартысы бар болғаны 162 отбасының қолында шоғырланған, ал зерттеулер халықтың 6%-ы бүкіл жылжымайтын мүліктің 40%-дан астамына ие екенін көрсетіп отыр. Ал осы уақытта қазақстандықтардың басым бөлігі баспанасыз. Сондай-ақ, Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, халықтың 60%-дан астамында мүлде жинақ жоқ. Сарапшылардың пікірінше, ҚҚС-тың көтерілуі қарапайым халықтың жағдайын одан әрі қиындатуы мүмкін.

Марат Қайырленов, “Ұлағат Консалтинг Групп” директоры: «Олар экономикамызды қандай жасанды дағдарысқа итермелеп жатқанын түсінбейді. Қателіктері мен қате есептеулері бізге тым қымбатқа түсуі мүмкін. Бұл экономиканы құрдымға кетіреді. Олар салық түсімдерін арттырып, Ұлттық қорды толықтырамыз деп ойлайды, бірақ, керісінше оны ортайтып тынады»

Сарапшылардың айтуынша, ҚҚС мөлшерінің көтерілуі мен шектердің төмендеуі шағын және орта бизнестің күйреуіне әкелуі мүмкін. Билік Теңіз кен орнында мұнай өндірісінің ұлғайғанына қуанып жатқанда, елдегі өндіріс пен қызмет көрсету саласы ауыр дағдарысқа ұшырауы мүмкін деп отыр экономистер.

Марат Қайырленов, “Ұлағат Консалтинг Групп” директоры: «Біздегі салық түсімдерінің шамамен 70%-ы мұнай саласынан емес, басқа секторлардан жиналады. Ал дәл сол салалар ең көп зардап шегуі мүмкін. Егер халықтың тұрмысы күрт нашарласа, несие төлеу де, баспана алу да қиындайды. 90-жылдардағыдай, көпшілік үшін ақша тек күнделікті азық-түлік пен коммуналдық төлемдерге ғана жететін жағдай туындауы мүмкін».

ҚҚС мөлшерлемесін келесі жылы көтеру көзделіп отыр. Сарапшылар билік түпкілікті шешім қабылдамас бұрын олардың ескертуіне құлақ асады деп үміттеніп отыр.