Оқушылар құлағы нашар еститіндерге арналған құрылғы құрастырды

22

Шымкенттік оқушылар құлағы нашар еститін жандар үшін көзілдірік құрастырып шықты. Құрылғы сөздерді экранға шығарады. Яғни, есту қабілеті нашар адам, сөйлесіп отырған екінші адамның сөзін сол сәтте көзілдіріктен оқи алады. Ең қызығы, балалар бұл құрылғыны бар болғаны 1 аптаның ішінде жасап шығарған. 

11-сынып оқушылары құлағы нашар еститіндерге арналған құрылғы жасап шығарды. Арнайы көзілдірік сырттан естіген сөздерді әйнекке жазу түрінде шығарады. Сол арқылы көзілдірікті таққан жан, екінші адамның айтып отырған әңгімесін оқи алады. Оқушылар құрылғы жарымжан жандардың қоғамға бейімделіп, толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беретінін айтады.

Санжар Сартаев, 11-сынып оқушысы: «Оның құрамында көптеген микроэлементтер, микрокомпьютерлер бар. Бұл құлағы нашар еститін адамдармен тікелей сөйлесуге көмектесетін аппарат. Ол микрофон арқылы, әңгімелесушінің сөзін толығымен естіп, оны құлағы нашар еститін адамның көзінің алдына шығарып береді».

Балалар көзілдірікті 1 аптаның ішінде жасап шығыпты. Бірегей құрылғыны жақында ғана Алматыда өткен диджитал Алматы форумында таныстырды. Бұл құрал қазақ-орыс тілдеріндегі сөздерді оқиды. Енді олар көзілдірікке шет тілдердін енгізбекші.

Арнұр Дәулет, 11-сынып оқушысы: «Оны қазақ халқына қолжетімді еткіміз келіп отыр. Біздің елімізде де мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Соларға көмектесу мақсатында алдағы уақытта қазақ тілін қоса отырып, бағасын қолжетімді етіп жасаймыз. Жаңа закуп жасаймыз, заттарды жаңартамыз, осының барлығынан кейін мұның ішінде 2-3 тіл болады».

Көзілдіріктің АҚШ-та аналогы бар. Ал балалардың бұл көзілдірікті жасап шығару себебі – қолжетімділік. Сөздерінше, америкалық өнімнің құны жеткізу ақысын қоса есептегенде шамамен 1 млн теңге тұрады.

Нұрбек Тайжанов, 11-сынып оқушысы: «Көзілдірікте дисплей орналасқан, сол арқылы үлкейтіліп, әйнекке шығарылады. Бізге толық өнім ретінде дайын версиясы үшін 300 мың теңгедей керек және толық жасап шығару үшін екі айдай уақыт қажет».

Тапқыр оқушылар құрастырған құралды жетілдіруге инвестор іздейді. Егер бұл жобаға ақша салса, құлағы нашар еститін қаншама адамның өзгелермен тікелей тілдесуіне үлесіміз тиер еді дейді.