Алаяқтар үшін интернет қарапайым адамдарды алдаудың ең тиімді құралының бірі. Сол үшін де интернет-алаяқтық жаңалық емес. Мамандардың пікірінше ғаламтор жеке деректерді ұрлау және қаржылық алаяқтық жасаудың ең танымал құралы көрінеді. Мәселен өткен жылы интернет-алаяқтары Шымкент қаласының өзінде 650 млн. теңге шығын келтірген. Ал олармен күрес қалай жүріп жатыр?
Өткен жылы интернет алаяқтар 650 млн. теңге пайда тапқан. Тек Шымкент қаласының өзінде 928 интернет-алаяқтық жағдайы тіркелген. 270 қылмыстық іс қозғалып, 5 қылмыстық топ жауапқа тартылған. Дегенмен статистика 2023 жылға қарағанда тәуір. 2023 жылы үшінші мегаполисте 991 жағдайы тіркеліп, тұрғындарға келтірілген материалдық шығын 850 млн. теңгені құраған. Алайда, әлі күнге дейін халықтың алаяқтардың құрбаны болу ықтималдылығы төмендемей отыр.
Әлішер Айсаев, Кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі: «Қоңырау шалып, банк қызметкері немесе құқықтық орган қызметкері болып таныстырады, сөйтіп адамдардың сеніміне кіріп алдайды. Екінші тәсіл – инвестиция. Инстаграм, фейсбук, телеграмм парақшаларында шығады ғой, «ақша құйсаңыз, көбейтіп береміз» деген, сондай әдістер болып жатыр. Ал соңғысы – сим-карта мерзіміңіз бітті, создыратын болсаңыз қазір сізге код жібереміз, ол код 1414-тен келеді. Адамдар сол кодты бергеннен кейін, алаяқтар несие рәсімдейді сол адамдардың атынан».
Жыл басынан бері тек екі айға жуық уақыт ішінде 71 интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс тіркеліп отыр. Қазір тергеп-тексеру, мән-жайды анықтау бойынша жұмыстары жүріп жатыр. Полицейлер әсіресе егде жастағы адамдар жиі алаяқтардың құрбанына айналатынын айтады. Сонымен қатар, ғаламтордан сауда жасауға әуес жастар да қалтасынан қағылып жатқан жағдайлар аз емес.
Әлішер Айсаев, Кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі: «45 жастан үлкен азаматтар, алдау өте оңай оларды, қорқытып, «банк қызметкеріміз немесе құқық қорғау органы қызметкеріміз» деп алдайды сеніміне кіріп. Жастар да бар, олар көбіне интернет-магазиннен заказ береді, 800 мың теңге тұратын айфон 350 мың теңге деп шығарып қояды. Соған адамдар сеніп, алаяқтарға ақшасын аударып қойып жатыр».
Мамандардың сөзінше көп жағдайда студенттер ортадағы деладал қызметін атқарып, қаражатты шет елдегі алаяқтарға аударып отырады. Полиция қызметкерлері дропперлерге де алаяқтық бабы бойынша іс қозғалатынын жеткізді.
Есте сақтаңыз, сізге кімнің атынан хабарласса да, телефонды сөндіріп, сол сервистің немесе банктің қысқа нөміріне өзіңіз қоңырау шалып, ақпараттың рас-өтірігін тексеріп алыңыз. Қысқа нөмірлер мен қауырт желіден келген хабарламаларға «иә» немесе «жоқ» жауап бермеген жөн. Құқық қорғау органдары мен банктер сіздің шоттағы қаражатыңыз туралы телефон қоңырау арқылы талқыламайды.