Президент балалардың арманын орындайды! Әлеуметтік желіден осындай жазбаны көрген түркістандық оқушы ойланбастан Мемлекет басшысына хат жазған. Арада біраз уақыт өтіп балақайға ерекше тосынсый келіпті. Қасым-Жомарт Тоқаев балдырғанға қандай сыйлық тарту етті?
Хиуаз – 4ші сынып оқушысы. Ол Мемлекет басшысына хат жазып, өз тілегін ақ қағазға түсірді. Жас жеткіншек Қасым-Жомарт Тоқаевтан ноутбук сұраған. Арманы асқақ бала оқуға қажетті құрылғы арқылы білімін кеңейтіп, болашақта үлкен жетістіктерге жетуді армандайды екен.
Хиуаз Аршабай, оқушы: «Анам фейсбуктан көрді. Жаңа жыл қарсаңында Президент барлығымыздың тілегімізді орындайды екен. Соған бізде хат жазып көрейік дедік. Біз ноутбук сұрадық. Біз үйде 6 қызбыз. Біз барлығымыз жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Сол үшін бізге ноутбуктың көмегі қажет болды. Алдағы уақытта мен өзімнің білімімді дамытып, шетелге барып оқысам деймін»
Елордадан келген сыйлықты Түркістан облыстық білім басқармасының мамандары табыстады. Өз хатына Президенттен жауап алған оқушының оқиғасы – мектеп ұжымын да үлкен қуанышқа бөлеген.
Оңғар Ташев, №30 Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектептің директоры:
«Құдай қаласа арманы орындалатын шығар. Орындалады деп білеміз. Біздің оқушымыз Президенттің қолын алып, амандасса, ол — біздің де мәртебеміз»
Хиуаз – Сарыағаш ауданы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектепте білім алады. Мұндағы ұстаздар оқушы қыздың тек оқу үлгерімі емес, шығармашылық және интелектуалдық қабілеттері де жоғары екенін айтты.
Сабира Кенжеева, №30 Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектептің мұғалімі:
«Хиуаз қызымыз дайындық сыныбынан жақсы оқып келе жатыр. Үздік. Мінезі өте жақсы. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Көптеген сайыстарға қатысып, жүлделі орындармен келген»
Хиуаз өз хатында Мемлекет басшысымен жүздесуді армандайтынын да жазыпты. Жас жеткіншек алдағы уақытта білімін арттырып, Президентпен кездесуді мақсат еткенін айтты.