Қазақстанда алаяқтық схемалары күрделеніп, құрбандар саны артып келеді. 2025 жылдың қаңтар айында елдегі алаяқтықтан келген шығын 11 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Алаяқтар көп жағдайда ересек жастағы адамдарды алдайды. Дегенмен, зардап шеккендердің арасында балалар мен жасөспірімдер де бар
Қазір жылдың басы, алайда алаяқтың құрбаны болғандар қатары көбеюде. finprom.kz. талдау порталының деректеріне сәйкес, қаңтар айының өзінде құқық қорғау органдары «Алаяқтық» бабы бойынша 4 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеген.
Бұл қылмыстардың жартысына жуығы интернеттегі алаяқтыққа байланысты. Сондай — ақ, банктік карточкалық алаяқтықтың -32 жағдайы, қарызға байланысты — 13 , несиелеу саласындағы алаяқтықтың бір жағдайы және жылжымайтын мүлікке қатысты тағы бір жағдай тіркелді. Тарқата кетсек. Көбінесе алаяқтардың құрығына егде жастағы азаматта түсіп жатады.
Атап айтқанда: 60 жастан асқан зардап шеккен зейнеткерлердің саны 13% — ға өсті — 653 адам. 30-39 жас және 40-49 жас аралығындағы топта шамамен 1000 адам зардап шеккен, 50-59 жастағылар аралығында зардап шеккендер саны 755 адамды құрап отыр. Сонымен қатар, алаяқтық әрекеттерден 18-29 жас аралығындағы 800-ден астам адам зардап шеккен. Құрбандардың арасында балалар мен жасөспірімдер де болды.
ГРАФИКА:
+ 60 ЖАС-653 ЗАРДАП ШЕККЕН
30-39 ЖАС-1141 ЗАРДАП ШЕККЕН
40-49 ЖАС-1064 ЗАРДАП ШЕККЕН
50-59 ЖАС-755 ЗАРДАП ШЕККЕН
21-29 ЖАС-728 ЗАРДАП ШЕККЕН
18-20 ЖАС-133 ЗАРДАП ШЕККЕН
Ағымдағы жылдың қаңтар айында еліміз бойынша, алаяқтар келтірген материалдық шығын 11 млрд. теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге көп. Киберқауіпсіздік сарапшылары интернеттегі алаяқтықтың жаңа кезеңге өткенін айтады. Алаяқтар жасанды интеллект көмегімен адамдардың дауысы мен бейнесін қайталап, туыстарының атынан хабарласып, ақша сұрауы да мүмкін.
Евгений Питолин, сарапшы: «Алаяқтар біз туралы ақпаратты түрлі жолмен алады. Олар сіздің дауысыңызды немесе мәліметтеріңізді пайдаланып, жақындарыңызды алдауы мүмкін. Қазіргі технологиялар сапалы дипфейк аудио және видео жасауға мүмкіндік береді. Киберқылмысқа кіру жасы төмендеді».
Сарапшылардың айтуынша, алаяқтардың ең үлкен қаруы – адамдардың сыни ойлау қабілетінің төмендеуі. Олар адамды шұғыл шешім қабылдауға итермелеп, қорқыныш пен сенімге сүйенеді.
Евгений Питолин, Киберқауіпсіздік бойынша сарапшы: «Логика өшіріледі, адамдар оңай олжаға сенеді. Әртүрлі инвестициялық жобаларға кіріп, қаражатын жоғалтады. Сондықтан кез келген қоңырауға күмәнмен қарап, жеке мәліметтерді айтпаңыз. Асығыс шешім қабылдамаңыз!».
Ал алаяқтардың тұзағына түспеу үшін не істеу керек?
— Күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға бірден сенбеңіз.
— Банк деректері, құпиясөздер сынды жеке ақпаратты ешкімге айтпаңыз.
— Туыстарыңыздан немесе достарыңыздан шұғыл ақша сұраған қоңырау түссе, алдымен олармен басқа жолмен байланысыңыз.
— Сенімді дереккөздерден ақпаратты тексеріңіз.
— Банк қызметкері немесе құқық қорғау органдары атынан хабарласқан адамдардың шынайылығын растаңыз.
Мамандар ескертеді: көп жағдайда алаяқтар сіздің эмоцияңызды пайдаланады. Бойыңызда асығыстық пен қорқыныш сезімін тудырады. Бұл кезде адамдар не болып жатқанын байсалды бағалау қабілетін жоғалтады. Ақпаратты үнемі тексеріп отыру, дүрбелеңге түспеу және есте сақтау маңызды. Есте сақтаңыз: неғұрлым сізді шешімді тез қабылдауға мәжбүрлесе, соғұрлым алдану қаупі жоғары деген сөз!
Шынар Оразова