Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы халыққа жолдауларында ел экономикасына инвестиция тартудың маңыздылығын тұрақты түрде айтып жүр.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы биылғы жылдың 28 қаңтар күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту… Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн» — деп нақты тапсырмаларын берді.
Бұл бағыттағы жұмыстар өзге өңірлердегідей Қазығұрт ауданында бұрынғыдан да күшейтілді. Оның бір мысалы, биылғы жылы ауданымызда Австрия елінен келген кәсіпкерлердің инвестиция жасауымен жоба құны 2 млрд теңгені құрайтын 2 су электр станциясы салынатын болады. «Смарт Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі таңда аукцион арқылы барша қажет құжаттарын рәсімдеп, бұл жобаны «Үлкен Келес» магистралды каналының бойынан жыл соңына дейін салып, құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Жоба іске асқан жағдайда сағатына 2 мВт электр энергиясын өндіретін болады.
Атаулы инвестициялық жобаның іске асу барысын көру үшін аудан әкімі Азизхан Исмаилов инвесторлармен кездесіп, нысан басына арнайы барды. Іссапар барысында Мемлекет басшысының берген тапсырмалары аясында жобаның толыққанды орындалуын, мемлекет тарапынан қажетті көмектерді көрсету және басқа да біршама мәселелерді талқылап, тұрғындардың өтініштерін де жеткізді.